©
Ақтауда мемлекеттік қызметшілердің қос мерекесі аталып өтті. Олардың бірі - «Мемлекеттік қызметші күні» болса, екіншісі - «Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы». Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, мемлекеттік қызметшілерді марапаттады.
Бүгінде аймақта 2830 мемлекеттік қызметші бар, олардың 58,6%, яғни 1659-ы әйелдер. Деректерге сүйенсек, түбекте еңбек ететін мемлекеттік қызметшілердің 90%-ның жоғарғы білімі бар. Олардың орташа жасы – 37,6 жас. Ал штат саны 93,3%-ға толық. Айта кетерлігі, биыл Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің жалақысын өсіру бойынша пилоттық жоба қолға алынған болатын. Соның да әсері болар, биыл мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестілеуге қатысқандардың саны былтырмен салыстырғанда 2,5 есе өскен.
Маңғыстау облысының әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл тұңғыш рет маңғыстаулық мемлекеттік органдардың екі өкілі - Бауыржан Тұяқов пен Рамир Алекперов «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Облыстық жарыстың жеңімпаздары Аманғали Нұрдәулет пен Ренат Шамуханов әкімнің алғыс хатына ие болды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ