Футзалдан Қазақстан суперкубок ойыны "Қайрат" командасының жеңісімен аяқталды. Есеп 4:3 болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алғашқы таймда Рудныйдан келген "Аят" командасы белсенді ойын өрнегін көрсетті. Қарсылас қақпаға айып добы арқылы Леандриньо гол салып, аяттықтарды алға шығарды. Содан кейін ойын ортасында Леандриньо "Аят" командасының есебін тағы еселеді.
Ал екінші тайм "Қайрат" командасы үшін сәтті басталды. Үш голды бірінен соң бірін соғып, "Аяттан" алға шықты.
Командалардың ойыны қыза түскенде "Қайрат" өз-өзін қамшылап, тағы бір голды қоржынға салды. Тартысқа толы ойын соңында аяттықтар тағы бір голды еншіледі. Осылайша, алматылық "Қайраттың" асығы алшысына түсіп, суперкубокқа ие болды.
Еске сала кетейік, ертең "Халық арена" спорт кешенінде Қазақстан кубок ойыны басталады. Сағат 19:00-де "Қайрат" командасы жергілікті "Каспий" командасымен кездеседі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА