Күрестен самбо, дзюдо, еркін, қазақ күрес түрлерінен Қазақстанның 17 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Хамит Ысқақов өмірден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ол 1951 жылы 10 ақпанда ШҚО-да дүниеге келген. «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері». Екі рет самбодан КСРО чемпионы, Қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстанның үш дүркін абсолют чемпионы.
Тәжікстан, Чехия, Греция, Түркия, Өзбекстанда өткен спорт ардагерлері мен шеберлерінің арасында әлем чемпионатында екі дүркін чемпион. Еліміздің спорт саласына елеулі үлес қосқан. Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы».
*****
Жарқын бейнең көз алдымнан кетпейді,
Мəңгілікке бетің түзеп кет мейлі.
Аңқылдаған адал досым адами,
Сенің тұлғаң енді маған жетпейді.
Сом жүректің иесі ең бұл жалғанда,
Құшағың сенің ашық еді əз жанға.
Азамат ең фəнидің ер тұлғасы,
Бауырым, енді айналдың-ау арманға?
Жат жоқ саған, сондай жанның бірі едің,
Жолыққанға тек жақсылық тіледің.
Азаматым намыс пен ардан сомдалған,
Бұл өмірден АДАМ боп кеттің білерім .
Хош, бауырым, жаннат болсын жатарың,
Амал нешік, сиреп барады қатарым.
Жанұяңа берсін ТƏҢІРІМ мол сабыр,
Хош, бауырым, соңғы саған айтарым...
Сағымбай Сейтхан