Маңғыстау облысында ұлттық спорт үшін аттарды жалға алуға бір жылға 67 500 000 теңге қаражат жұмсалады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған материалдарға сүйенсек, Маңғыстау облыстық спорт басқармасы Қарақия ауданының Жетібай селосына, Мұнайлы және Түпқараған аудандарына 10 миллион 500 мың теңгеге жеті-жеті аттан, ал Қарақия ауданының Құланды селосы мен Бейнеу ауданына 7 миллион 500 мың теңгеге бес-бес аттан, Ақтау қаласына 18 миллион теңгеге он екі ат, Маңғыстау ауданына 3 миллион теңгеге екі атты жалға алады.
Облыста Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысатын тұрақты үш командамыз бар. Соған арнайы қаржы бөлінеді. Жеке кәсіпкерлердің аттарын командаларымыздың дайындығы үшін жалға аламыз, - дейді Маңғыстау облыстық ұлттық спорт түрлері орталығының басшысы Қанағат Сүйебаев.
Оның айтуынша, қаржы бір жылға беріледі. Әр аттың жалға алу құны 1 миллион 500 мың теңге. Қанағат Сүйебаевтың айтуынша, жылқыларды жалға беретін кәсіпкер тіпті жоқтың қасы. Атты баптаудың өзі біраз қаражатты талап етеді екен.
Махаббат Нұржанқызы