Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин елде Бауырсақ күнін бекітуді ұсынып, "Halyq Uni" ақпараттық порталына мақаласын шығарды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бауырсақ түркі жұртының таңдайына тиген тәтті ас. Қаламгер мақаласында бауырсақтың бізге жеткен ғұмыры ұзақ екенін түсіндірді. Айтуынша, түрік қауымында бұдан мың жыл бұрын да диірмен тартылған және ұн – ұн аталған. Осы ұнға жалғас бауырсақ та болуы күмәнсіз. Және айтылып отырған мың жыл – ең бергі меже. Одан әріде тағы қаншама заман. Тіпті жазушы Моңғол жұрты да бауырсақпен қонағын күтіп, құрмет көрсететінін жазған.
- Бүгінгі бауырсақтың кем дегенде жиырма ғасырлық ғұмыры бар. Арғы бабаларымыздан бастап, екі мың жыл бойы бауырсақ жеп келеміз. Шынында да таң қаларлық, сүйінішті жағдаят. Ендеше, кейінгі бір ақылды балалар ұсынып отырғандай, Бауырсақ күнін тойламасқа немене. Жасасын, қазақтың қастерлі Бауырсағы! Тісі жаңа шыққан жас баладан бастап, азуы кетілген қартымызға дейін, бұйыртып жегізе бергей! - деді Мұхтар Мағауин мақаласында.