«Жетістікке жетелейтін жеті қыр» тақырыбындағы облыстық XI «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі тағы да Жаңаөзен қаласынан бастау алды. Өйткені екі жылда бір рет өткізілетін аталмыш фестивальде бұрын қайсы аудан, қайсы қала өнерпаздары жеңімпаз болса, келесі фестивальдің көшін солар бастайды. 2017 жылғы Х фестивальдің жеңімпазы – Жаңаөзен қаласы. Сондықтан биыл ХІ «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің шымылдығын ашу кезегі Жаңаөзеннің үлесіне тиді. Қаладағы мәдениет сарайында болған салтанатта Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина биылғы фестивальдің мәні мен мағынасын, мазмұны мен міндетін айта келіп, фестиваль жұмысын ашық деп жариялады. Оған Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева да қатысты. Шынында да фестиваль еліміздегі елеулі оқиғалар мен аймақтағы атаулы күндерді өз ауқымына алып, қамтуды мақсат еткен. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған тапсырмаларды басты нысан етіп алған. Сондай-ақ биылғы «Жастар жылы», Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдығы, күйші-сазгер Мұрат Өскінбайұлының 115 жылдығы, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы мен айтулы да арқалы ақын Фариза Оңғарсыновалардың 80 жылдық мерейтойлары аясында олардың шығармаларын халық арасында тереңірек насихаттауды мақсат еткен. Міндеті – жастар арасында «Аспаптық, халықтық музыка», «Халықтық аспаптарда орындау», «Дәстүрлі ән», «Көркемсөз оқу», «Хореография», «Бейнелеу, графика», «Эстрадалық музыка», «Классикалық жанр», «Айтыс» сияқты өнерлерді жандандырып, қызығушылығын арттырып, ауқымын кеңейтіп, нығайтып, жастардың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өнердің жетістігіне жетелейтін жеті қырына ұмтылдыру, ынталандыру, қошаметтеу арқылы өнердің жас қырандарының қанатын қатайту. Мамандардың айтуына қарағанда фестивальдің негізгі шарттарының бірі – ел арасында байқаусыз, елеусіз жүрген өнерпаздарды жарыққа шығарып, халыққа таныту. Себебі осы фестивальдің арқасында атағы асқақтап, есімі елге жайылған өнерпаздар өлкемізде де аз емес көрінеді. Мысалы, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Жоламан Көшкінов, «Жас қанат" байқауының Маңғыстаудан гран-при иегері А.Бәйгелова, «Қазақстан дауысы» тележобасының жүлдегері Бауыржан Бекбаев сияқты өнер иелері алғашқы аяқалысында осы «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінде көзге түсіп, қанат қағып, түлеп ұшқан түлектер екен. Осы күнге дейін облыс бойынша 3 мыңға жуық өнерпаз қатысқан. Демек, бұл шараның жылдан-жылға іргесі нығайтып, шеңберін кеңейтіп келе жатқандығынан дерек береді. Яғни, ел арасында әлі көпке танылсам деп талпынып жүрген талантты жастар тобы аз емес деген сөз. Кешегі Жаңаөзендегі алғаш ашылған күннің өзінде 140-тан астам оқушы мен еңбек ұжымдарынан қатысқан өнерпаздар бағын сынау үшін бәсекелесті. Көрермендердің көз алды мен қазылар алқасының сүзгісіне 27 нөмір ән, би, күй, өлең оқу, шығармалардан үзінді орындау сияқты номинациялар ұсынылды. Олар шартта белгіленген 7 номинация бойынша сахнаға шықты. Ал «Бейнелеу, графика» және «Айтыс ақындарының сайысы» сәл соңырақ облыс көлемінде Ақтау қаласында өткізіледі. Залда отырған қарапайым көрермен үшін сахнаға шыққанның бәрі білгір, бәрі ілгір, бәрі өнерлі, бәрі көңілді болып көрінетіні ақиқат. Сонда да «Шұғыла» би ансамбльі орындаған «Шашу» биіне, халықтық ұлт аспаптарының сүйемелдеуімен Нұрғиса Тілендиевтің «Көңілді бикешін» орындаған Өркен Туебаевқа, Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскейін» орындаған Асқар Әділбекке, Кәлектің «Арман» күйін сыбызғыда Рахат Халбаев пен жетігенде ойнаған Айжамал Есібаеваға, Ильия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» орындалғанда, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінен үзінді оқыған Динара Шурабаеваға, Фариза Оңғарсынованың «Сен қайда жүрсіңі» оқылғанда көрерменнің сүйсінгені айтпай-ақ аңғарылып тұрды. Әсіресе, «Дала еркесі» биін мың бұрала билеген Жайна Шарауованың, Құлшардың «Кербез керік» күйін, «Сүгірдің термесін» орындаған домбырашылар ансамблінің, халық әні «Бір бала» мен Елена Әбдіхалықованың «Маңғыстау» әнін орындаған вокальдық топтың көрсеткен өнерлеріне көрермен қауымның риза болғаны дүркірете соққан қолдарынан байқалады. Бірақ кімнің бағының, кімнің бабының басым болғанын қазылар алқасының шешімі анықтайды. - Қазір анау-мынау деп түпкілікті шешімді айту әлі ерте, - дейді бізбен әңгімелескенде П.Сармурзина ханым. – Себебі «Маңғыстау жұлдыздары» жаңа басталып жатыр. Әлі бір айға дейін жалғасады. Дәл осындай шара Ақтау қаласы мен барлық аудан өнерпаздары арасында өткізіледі. 17 мамырда облыста болатын, облыстық шарада ХІ «Маңғыстау жұлдыздары" өнер фестивалінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады. Дегенмен Жаңаөзен қаласы өнерпаздарының бұл фестивальге өте мұқият әрі жоғары деңгейде дайындалғаны байқалып тұр. Бұлардың ішінен биыл тағы да жаңа өнерпаздарды, жаңа таланттарды көрдік. «Ел іші - өнер кеніші» деп өткендер бекерге айтпаған. «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің де мақсаты – осы. Кім біледі, осы жастардың ішінен елімізге белгілі, қазақ елін әлемге танытатын өнерлі өрендер шығып жатса таң қалудың қажеті жоқ. Сол үшін бұлардың барлығына да сәттілік тілеймін. Биыл да Жаңаөзен өнерпаздарының биіктерден көрінуіне тілектеспін.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН