Осы жылдың наурыз айында «Қазақстан таланттары Өнер-білім дамыту шығармашылық орталығы» II халықаралық «Ұлы дала ұрпағымыз» балалар мен жастар байқауын ұйымдастырған еді. Алматы қаласында өткен сайыста 2000-ға жуық өнерпаз бақ сынасқан. 100-ден астам өнерпаз сынға түскен «Аспапта орындау» номинациясы бойынша Жаңаөзен қаласындағы «Асыл мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің кіші тобы 1-дәрежелі лауреат атағына ие болып, тағы да топ жарды. Сонымен бірге «Қазақстан таланттары Өнер-білім дамыту шығармашылық орталығы» ұйғарымымен осы ұжымның жетекшісі Қаракөз Кемерова «Мәдениет майталманы» арнайы төсбелгісімен марапатталды. Бұл байқауға қатысатын тегін жолдаманы ансамбль өткен жылдың 16 желтоқсанында Ақтау қаласында өткен «Құрманғазы–200 жыл» республикалық байқауында бас жүлдемен бірге жеңіп алған болатын. Байқауды ұйымдастырушылар балаларға жергілікті аквапарк «Гаваи» ойын-сауық орталығына тегін билет сыйлап, олардың бассейнге түсіп, суда сырғанап, керемет демалуына мүмкіндік жасауды да ұмытпаған екен. Сайыстан тыс уақыттарын да балалар мағынасыз өткізбеді. Ару Алматының көптеген көрікті жерлеріне шағын саяхат жасады. «Орталық саябақ», «Панфиловшылар саябағын» аралап, Бауыржан Момышұлының ескерткішіне барып, аты аңыз болған батыр атаға тағзым етті. Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрында заңғар жазушы, кемеңгер Кекілбайұлы Әбіш аталары қазақшаға аударған Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын тамашалау, басты рөлді асқан шеберлікпен сомдаған осы театрдың белді актерлерінің бірі, бірнеше халықаралық фестивальдардың жеңімпазы болып үлгерген «Оралман» фильмінде басты рөлді орындаушы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Дулыға Ақмолда ағаларымен дидарласып, ақыл-кеңесі мен жылы лебізін тыңдап ризашылыққа бөленді. Көктөбеге барып, Алматы шаhарын жоғарыдан, таудың үстінен көріп, тамашалау да жеткіншектерді жігерлендіре түскендей. Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер, әнші, сазгер «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері», «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, қазіргі қазақ өнерінің мақтаныштарының бірі Байғали Есенәлінің өзі қойған «Базарың тарқамасын» музыкалық драмасына Маңғыстаулық ұландарды әдейілеп шақыруы, көгілдір экраннан ғана көріп жүрген актер, әнші, сазгерлермен жүзбе-жүз кездесіп, сұхбаттасуы балалар үшін шексіз қуаныш болды. Сөйтіп, жеткіншектердің тек қана жеңіс алумен шектелмей, осыншама рухани азықтанып, өнерге деген, өмірге деген құлшынысын арттырып келуіне үлкен себеп болған бұл сапар «Асыл мұра» ұжымы үшін ерекше әрі сәтті болды. Жаңаөзен қаласындағы «Өнер» мекемесінің басшысы, ұжымға әрдайым қол ұшын созып, демеп жүретін Дәмелі Өтебаева ханымға өнерпаз жеткіншектер ата-аналары- мен бірге алғыстарын білдіруде.
Өз тілшіміз