©
Өңірімізді мекендеген алуан ұлттар өкілдерінің басын қосып, түрлі шараларды бірігіп өткізу арқылы достықты нығайта түсу бағытында жұмыс жүргізіліп келе жатқан «Достық үйінде» Халықаралық тілдер күні аясында «Мәңгілік ел-Мәңгілік тіл» атты мерекелік шара өтті.
№28 орта мектеп жанындағы «Арман» клубының «Гүлдерайым» ансамблі орындағын қазақша папуриімен ашылған концерт балалардың әр тілде орындаған әндеріне ұласты. Ана тілінің, қазақ тілінің қадір қасиетін паш еткен өлеңдер оқылды.
Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова жиналғандарды «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасымен таныстырып, жобаның жүзеге асырыла бастағанын айтты. Жоба бір жылда өзге ұлттар өкілдерінен мың балаға қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіруді көздейді. Сондай-ақ Амангүл Әбдіғалиқызы жобаға белсенді ат салысып, қолдау көрсетіп жүрген белгілі азаматтар Абат Өрісбаев пен Самат Мұсабаевқа ризашылығын жеткізді.
Шара барысында
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Forte bank» аға банкирі-директоры Абат Өрісбаев ана тіліміздің мәртебесін асқақтату жолында қолдан келген көмегін аямайтынын айтып, келешекте де қолдау жасайтындығына сендірді. Сонымен қатар ол С.Мұсабаев екеуінің «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында байқау ұйымдастыратынын да айтып қалды.
Сахнаға шыққан балалар мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі—әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл екендігін айтты. Және сахнадан «Қазақ тіліміз—өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы–домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі–шырқап салар әндей» деген, ана тілімізді ұлықтайтын әдемі сөздер төгіліп тұрды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА