Н. Жантөрин театрына Асанәлі Әшімовтың шәкірттерінен құралған "Жаңа ғасыр" театры келді. Олар маңғыстаулық көрерменге Иоганн Штраустың шығармасына негізделген "Жарқанат" музыкалық комедиясын ұсынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев Асанәлі Әшімовты 85 жылдығымен құттықтады. Жастарға шығармашылық шабыт тіледі. Ал Асанәлі Әшімов өзін қуана қарсы алған маңғыстаулық көрермендерге алғыс айтып, өнер мен мәдениетті өлтіріп алмау керектігін тілге тиек етті.
Асанәлі Әшімов өз сөзінде "Қазіргі жастарға кейде айтамын: Киноны, экранды бұлғамаңдар, бүлдірмеңдер. Жақсы нәрсені көтеріп көрсетіңдер", - деді.
"Өнер деген сөз, бұл - әдемілік. Сондықтан осы әдемілікке келуім, сонымен бірге жұмыс істеу мен үшін - бақыт. Сіздермен кездесу, пікір алмасу - бақыт. Сіздердің қол шапалақтапыңыз мен үшін үлкен дәреже. Амандық болса әлі талай кездесеміз", - деп Асанәлі Әшімов сөзін қорытындылады.
"Жаңа ғасыр" ұсынған "Жарқанат" қойылымы көптің көңілінен шықты. Себебі режиссерлер оқиғаны қарапайым, диалогтарды ауызекі стильмен берді. Сондықтан да көрерменге жақын әрі жеңіл жетті. Күлдіртті де, терең ойға батырып үлгертті де.
Қойылым арқылы режиссер өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екенін еске салды. Шынайы махаббат өтіріктен ада болуы керек. Мәңгілік махаббаттың құтқарушысы - адалдық пен шынайылық. Режиссер А. Әшімов пен Қ. Демеудің негізгі мақсаты - осы.
Оқиғаның басты кейіпкері, сұлу да көркем Розалина рөлін актриса Назерке Ноғайбаева сомдады. Оның айтуынша, қойылымда көрсеқызар еркектердің өз әйелін алдап, өзгеге көз салуы сынды кей отбасындағы көріністер суреттеледі.
"Асанәлі ағай мен Талғат Көмеков ағайдың қолдауымен осы қойылымды қалың көпшілікке төрт жылдан бері ұсынып келе жатырмыз. Бұл - комедия, екіншіден - оперетта. Осы спектакль арқылы біз өз мүмкіндігімізді көрсеттік. Өзімізді басқа қырынан таныдық. Оның үстіне мұндағы проблема кез келген отбасыда бар", - деді Назерке Ноғайбаева.
Сондай-ақ актриса Назерке Ноғайбаева қазақ киносы мен театрының аңызына айналған Асанәлі Әшімовтың шәкірті болғанына өте қуанышты екенін жеткізді.
"Асанәлі ағаның аузынан шыққан әр сөз біз үшін мектеп. Ағамен жұмыс істеу бізге оңай. Себебі, ағай қалай айтса да, не айтса да, нақты әрі тура жеткізеді. Бізден не көргісі келеді, соның бәрін тура айтады. Көңілге қарап, бұрмалап айту деген ағайға тән емес. Труппа болып, Талғат ағайымызбен бірге барынша дайындық жүргіземіз. Содан соң Асанәлі ағайға тексертіп, сыннан өтеміз. Біздегі әрбір қойылым Асанәлі ағаның түзетуінен өтіп, театр сахнасына шығады", - дейді Назерке Ноғайбаева.
Қазіргі таңда "Жаңа ғасыр" театрының қоржынында 10-нан аса қойылым бар. Жыл соңына дейін тағы үш қойылым қосылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА