Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыда жасөспірімді зорлады деген күдікпен ұсталған бұрынғы полицейлерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрден Алматыда екі полицейдің 14 жастағы жасөспірімді зорлау дерегі туралы сұрады. «Күдіктілер ұсталды ма?», - деп сұрады журналистер.
Өз кезегінде Е. Саденов мұндай факті шынымен де болғанын растады. Бұл оқиғаға қатысты шұғыл түрде қызметтік тексеріс жасалып, тәртіптік комиссияның отырысы өткен.
Осы ретте министр аталған қызметкерлер ішкі істер органдарынан шығарылғанын нақтылады.
«Қылмыстық іс бойынша олар қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр», - деді министр.