Әйел құқығын қорғау және тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саясаты біздің елімізде негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Қоғамда әйелдердің орны екінші кезекте деп теңсіз санайтын кертартпалық бүгінде артта қалған. Қазір қай саланы алсаңыз да, гендерлік саясат қолдау тауып, белсенді түрде жүргізілуде.
Бүгінде әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенция ережелері негізінде кез-келген мемлекеттік қызметте арнайы тапсырмалар бар.
Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа кірігуді өзінің сыртқы саясат саласындағы басымдығы ретінде айқындады.
Әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған.
Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында да белгілі бір дәрежеде ілгеріледі.
1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды.
БҰҰ-ның "Әйелдердің саяси құқықтары туралы" және "Тұрмыс құрған әйелдің азаматтығы туралы " конвенциялары да бекітілді.
Жалпы, Гендер – дегенге түсінік беретін болсақ, бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы.
"Gender" сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегенді білдіреді.
Сонымен қатар, гендерлік саясат - деген ұғымға қоса түсінік беретін болсақ, бұл қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 ақпандағы тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше құрылды, ол Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік полициясының құрылымдық бірлігі болып табылады.
Елдің барлық дерлік өңірлерінде әйелдер мен балаларға арналған 38 дағдарыс орталығы ашылды. Олар негізінен халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен ұсталады.
2004 жылдан бастап дағдарыс орталықтары ашылып, сенім телефондары жұмыс жасайды, қоңыраулардың басым бөлігі зорлық-зомбылыққа байланысты.
Осы мәселелер бойынша сот тәжірибесін жақсарту жөнінде нақты ұсынымдар қабылданды.
Елбасы мемлекетімізде әйелдердің атқарып жатқан маңызды рөлі жайлы Қазақстан әйелдерінің сьезінде: «Біздің гендірлік теңдік саласындағы саясатымыз, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге қарқынды араласуы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғарғы бағаланды» деп атап өткен болатын.
Осының бәрі қоғамдағы гендірлік қатынастардың дамуына көмектесіп, адамдардың рухани мәдинетін көтеруге септігін тигізетіндігі анық.
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы А. Базарова