ҚР АК-нің 244 бабы бойынша мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.
Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.
Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.
Осы баптың 3 тармағы бойынша өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.
Тұрғын үйге меншік құқығына қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы нормативтік қаулысының 11, 12 тармағы бойынша өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап жергілікті атқарушы органға беріледі және талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады.
Бұл санаттағы азаматтық істер бойынша егер мемлекет қорындағы жер учаскесіне заңсыз құрылыс салынған болса тиісті жауапкер болып сол аймақтың атқарушылық органы табылады, яғни тиісті аумақтың әкімдіктері.
Егер құрылыстың сақталуы басқа тұлғалардың заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпаса немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, мұндай талаптар қанағаттандырылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар құрылысы аяқталған объектілерді мемлекеттік қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың рұқсаттарымен расталуы қажет.
Осындай мақсаттарға арналып бөлінбеген жер учаскесінде өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап аталған жер учаскесі талапкерге заңда белгіленген тәртіппен берілетін жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін.
Сондықтан істі сотта қарауға дайындау кезінде судья талапкерге жер учаскесі оған берілетіндігі, құрылыстың сәулет және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы дәлелдемелерді келтіруге ұсыныс жасауы керек. Әкімнің және уәкілетті органдардың жер учаскесін талапкерге беруге келісімі туралы және құрылыстың нормалар мен ережелерге сәйкес келетіні туралы ұсынған құжаттары осындай дәлелдемелер бола алады.
Сонымен қатар осы санаттағы істерді қарау барысында міндетті түрде іске «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» тартылып, жер учаскесі бас жоспар бойынша қандай аймақта орналасқаны, ол жер учаскесіне тұрғын үй құрылыс салынуға болатыны немесе болмайтыны. Егер, өз бетімен салынған тұрғын үйдің қасында темір жол торабы, жоғары кернеулі электр бағаналар, газ, су, телекоммуникация құбырлары орналасқаны анықталса. Істі зерделеу барысында міндетті түрді СНИП талаптарының, бекітілген талаптың нормаларына сақталып салынғаны тексерілуі тиіс.
Заңсыз алынған жер учаскесінде орналасқан және оған қажетті рұқсаттарды алмай немесе сәулет және құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып өз бетімен салынған тұрғын үйге, АК 240-бабымен белгіленген иелену мерзімінің өтуі қолданылмайды.
Азаматтық іс бойынша мідетті түрде тұрғын үй салынған жер учаскесі кімге тиесілі екендігі анықталуға жатады. Жер учаскесі үшінші тұлғалардың меншігіне жатпайтынын анықтау үшін іске жер кадастрын жүргізетін құзырлы орган және Қалалық жер қатынастары бөлімі іске тартылып, тиісті қорытындылар алынуға жатады.
Өз бетімен салынған құрылыс орналасқан жер учаскесін заңды түрде пайдаланушы тұлғаның тұрғын үйге меншік құқығын тану кезінде, сот тиісті талап болса тұлғаның құрылысқа жұмсаған шығындарын өтеткізеді.
Құрылыс салушының өзiне тиесiлi емес жер учаскесiнде, мемлекетке тиесілі жерлерді қоспағанда, өз бетімен құрылыс салуға меншік құқығын сот Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына құрылыс сәйкес келген жағдайда жер учаскесі иесіне өтемақы төлене отырып, соңғысының бұған келісімі болған кезде тануы мүмкін.
Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесi өзiнiң заңды пайдалануында болған адамның өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануы мүмкiн. Бұл ретте құрылысқа меншiк құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамды сот белгiлеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейдi.
Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға әкелiп соқтырса не азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, аталған адамдардың өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануға болмайды.
Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануындағы емес жер учаскелерінде (жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде) тұлға өз бетінше тұрғызған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.
Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.
А.Б.Базарова,
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы