Еңбек дауының ұжымдық және жеке сияқты екі түрі бар. Жеке еңбек дауы - қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы зандарды қолдану мәселелері жөніндегі, жұмыс беруші мен арасында бұрын реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы келіспеушіліктер.
Еңбек даулары екі сатыда - тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімімен еңбек дауларын келісім комиссиясы қарауы мүмкін. Келісім комиссиясы тараптардын бірлескен шешімі бойынша жұмыс берушілер мен қызметкерлердің саны тең өкілдерінен тепе-тең негізде құрылады. Қызметкерлердің өкілдері келісім комиссиясына ұйымның жалпы жиналысында сайланады. Жұмыс берушінің өкілдерін ұйым басшысы тағайындайды. Келісім комиссиясын ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жұмыс беруші жүзеге асырады. Келісім комиссиясы өз кұрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.
Келісім комиссиясы арыз берушінің өтінішін ол берілген күннен бастап үш күн мерзімде қарайды. Оны қарау нәтижелері бойынша келісім комиссиясының шешімі қабылданып, арыз берушіге беріледі. Келісім комиссиясының арыз берушінің талабын қанағаттандырған шешімін қарсы тарап үш күн мерзімде орындайды. Егер де қызметкер келісім комиссиясының шешімімен келіспесе үш айдың ішінде еңбек дауы бойынша сотқа арыздануға құқығы бар.
Қызметкерлер еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша сотқа жүгінген жағдайда олар мемлекет кірісіне сот шығындарын төлеуден босатылады. Егер осы талап бойынша моральдық шығынды өндіру туралы талап қойыоса, онда мүлік дауы емес бойынша алынатын мемлекеттік алым төленуі қажет.
Соттылық бойынша еңбек даулары жауапкердің орналасқан жері бойынша талап қойылады. Егер талапкердің дауы филиалдың қызметімен байланысты болса заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша қоюға құқылы.
Үстеме жұмысқа ақы өндіру туралы талаптар көбінесе қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі үстеме жұмыстарға тартуға қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі және ол жөнінде жұмыс берушінің арнйы бұйрығы шығарылуы қажет, Сот тәжірібесіне қарағанда талаптар өздерінің үстеме жұмысқа шықтым деп демалыс күндері істеген күндерін және кешкі сағат 8-9 ға дейін жұмыс істеген мерзімдерге ақы өндіруді талаптанады. Жоғарыда аталып өткендей үстеме жұмысқа тек жұмысшының келісімен тартылады делінген. Сондықтан жұмысшы келіспесе жұмысқа шықпауға құқы бар, яғни ол өз еркімен жұмыс күндері берілген тапсырмаларды орындап үлгере алмағандықтан өз тарапынан шыққан деген тұжырыммен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылады. Яғни талапкер тарапынан үстеме жұмысқа тартылғаны жөнінде дәлелдемелерді тапсыру қиындыққа соғады.
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы Р. Ержанова