Жұқпалы аурудың түрі көп. Бірі ауа-тамшы арқылы, енді бірі қанмен, кейбірі жыныстық жолмен жұғып жатады. ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі облыстық орталығының дерматовенеролог дәрігері Диляра Чотбаева жақын қарым-қатынастан жұғатын дерт туралы әңгімеледі.
-Мерездің жыныстық жолмен берілетін ауру екені баршаға белгілі. Патология бастапқы кезеңдерде жақсы емделеді және терапия болмаған кезде ауыр асқынулар тудырады. Ауру көбінесе ұрпақ өрбітетін жастағы ерлер мен әйелдерде кездеседі. Медициналық статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанда мерезбен 100 000 тұрғынға шаққанда орта есеппен 25 адам ауырады. Мамандардың пікірінше, ауру жұқтырғандардың саны тіркелгендерден едәуір көп. Өйткені, әлеуметтік жағынан қолайсыз топтарға жататын пациенттер медициналық көмекке сирек жүгінеді. Сондай-ақ ауру жұқтырғандардың бір бөлігі мерезден коммерциялық клиникаларда жасырын түрде емделеді де, ресми статистикаға енбей қалады. Бір қызығы, бұл ауру өңірлерде, ауылдық жерлерде көбірек, ал ірі қалаларда азырақ тіркеледі. Біздің орталықта 2004 жылдан бері анонимді достық кабинеті жұмыс істейді. Онда халықтың осал топтарынан пациенттерге қызмет көрсетіледі. Бұл топқа жататындар—тәнін саудалайтындар, инъекциялық есірткі қолданатын адамдар, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар және трансгендерлер.
Бір жылда орталықтағы достық кабинетіне жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға қатысты әртүрлі шағымдары бар шамамен 750-800 адам жүгінеді. Салыстырмалы түрде 2020 жылы мұнда 392 адам келіп, барлығы жыныстық жолмен берілетін инфекцияға (ЖЖБИ) тексерілді. Оның ішінде 5 пациенттен, ал 2021 жылы 519 адам ЖЖБИ-ге тексеріліп, 6 адамнан мерез анықталды.
Бұл диагноз 18 бен 30 жас аралығындағы жастарда көп кездеседі, яғни анықталғандардың 70% -дан астамы—жастар. Сонымен қатар тәуекел тобына моральдық принциптері төмен адамдар, тұрақты тұрғылықты жері жоқ алкоголь мен есірткіні қолданатын адамдар жататынын да айтып өткен жөн болар.
Мерез балалар арасында да кездеседі. Жасөспірімдер күнделікті өмірде туыстарынан жұқтыратын болса, сәбилер анасынан босанған кезде жолдасы арқылы жұқтырады. Ал жыныстық жетілу кезінде балалар мерезге өте сезімтал келеді.
ЖЖБЖ науқастың денсаулығына орасан зор нұқсан келтіруі мүмкін. Ағзада ЖЖБЖ қандай көрініс белгілерін қауіпті деп есептеуге болады? ЖЖБЖ алғашқы және дұрыс белгісі, зәр шығару кезінде жыныс жолынан иісті ылғалдың бөлінуі, жара, қызару, көпіршіктену, терісінде кішігірім жарылу не жыныс органдарының шырышты қабықтануы, қышуы, ауруы сезілуі мүмкін. Осындай белгілерді алғаш рет анықтаған адам дереу дәрігерге қаралуы тиіс. Дәрігер ем тағайындайды және аурудың зардабын болдырмауға көмектеседі. Пациент көбінесе өз серіктесінде, не өзінде инфекция бар ма, жоқ па, білмейді. ЖЖБЖ клиникалық белгілері бойынша барлық уақытта бірдей анықталмайды, тек зерттеудің арнайы зертханалық әдістерімен ғана нақты сол, не өзгедей инфекцияларды, не олардың әр түрлі ұштасуының бар екендігін анықтауға болады. ЖЖБЖ ауруы кейде симптомсыз немесе оған науқас мән бере бермейтін, аз ғана клиникалық көрініспен өтеді. Оған әр түрлі асқынуы бар жамбас органдарының қабыну ауруы, ұрпақ жалғастырар жастағылар үшін қатерлі аурулардың бір–бедеулік, түрлі гормоналды бұзылулар мен әр түрлі органдар мен жүйелерінің функционалды бұзылулары жатады.
ЖЖБЖ кезінде өзін-өзі емдеуге болмайды. Өйткені, егер белгілі бір кезде симптомдар жоғалып кетсе, бұл аурудың жасырын түріне ауысқан белгісі болып қалады. Ал инфекциялар неғұрлым ерте анықталса, емделуге және оның асқынуын болдырмауға солғұрлым мүмкіндік болмақ,-деді Д.Чотбаева.
Маманның айтуынша, мерезге қарсы егу әлі ойлап табылмағандықтан оның алдын алу және шұғыл терапия–қорғанудың жалғыз әдісі. Сондықтан медициналық тексеруден жүйелі түрде өтіңіз. Өзбастақ емделумен айналысуға болмайды. ЖЖБЖ ауруларын тек дәрігер ғана емдей алатынын ескертеді.