Маңғыстау облысында онкологиямен ауыратын науқастар көбейген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің басшысы Нұрлан Жариев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері онкологиялық аурулармен 491 науқас тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 11,4%-ға өскен. Алайды онкологиялық ауру бойынша өлім-жітім төмендеген. Мәселен, биыл 150 адам қайтыс болса, былтыр 190 адам осы сырқаттан көз жұмған.
Қазіргі таңда әрбір төртінші науқастың дерті ерте кезде І стадияда анықталады. Бұл — науқастардың өмірін ұзартуға көп септігін тигізеді. Айта кететін жайт, бес және одан да көп жыл өмір сүретін науқастардың өсу динамикасы жыл сайын 5-6% құрайды. Бұл — ҚР бойынша үздік көрсеткіштердің бірі.
- Сонымен қатар, онкологиялық аурулардың I, II стадиясымен анықталған адамдар саны жыл басынан бері 263-ті құрады. Былтыр 228 болған еді. Көрсеткіш өсіп тұр. Дегенмен IV стадияда анықталған науқастар саны азайып отыр. Бұл дегеніміз, осы күні ауру ерте анықталады. Яғни адамдар ерте қаралады, - деді Нұрлан Жариев.
Жалпы, жыл басынан бері 16525 адам сүт безі обыры, 19548 адам жатыр мойны обыры бойынша скринингтік тексеруден өткен.
Сонымен қатар, спикер өңірдегі онкодиспансер ғимаратының құрылысы біткенін айтты. Қазіргі таңда мекемеде 40-тан астам дәрігер қызмет атқарса, оның 23-і — жоғары квалификациялы еліміздің әр өңірінен шақыртумен істеп жатқан маман. Олардың 2-еуі медицина ғылымдарының докторы болса, 4-еуі — медицина ғылымдарының кандитаты. Сондай-ақ, 11 дәрігер резидентурада оқып, өз білімдерін шыңдауда.
- Биылдыққа радиологиялық бөлімде 173 пациент емделді. Қазір 33 науқас жатыр. Хирургия бөлімінде 169 науқасқа ота жасалды, — деді Нұрлан Жариев.