Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің қызметкерлерін қашан көрсең де, қызу жұмыс үстінде. Мұнда баласы сырқаттанып қалып, ақ халатты абзал жандардан көмек сұрап келетін ата-аналардың есебінде шек жоқ.
Сандарды сөйлетер болсақ, жыл басынан бері қабылдау бөлімінде 5402 балаға көмек көрсетілген. Оның ішінде екі мыңнан астамы жолдамасыз келгендер. Олардың арасында 102 бала травмотология бөлімінің, 81 бала неврология бөлімінің, 235 бала лор дәрігерлерінің көмегіне жүгінген. Сондай-ақ, жол апатынан зардап шеккен қаңтар айында 26.
-Қазіргі таңда бізге көбінесе тұмаумен ауырып, қызуы көтерілген балалар көп келіп жатыр. Одан бөлек, үйінде ата-әжесінің дәрілерін ішіп қойып, уланған балалар да көп келіп жатады. Жалпы айына 20 шақты бала дәрі ішіп қойып көп келеді. Одан бөлек үйіндегі әр түрлі химикалық сұйықтықтарды ішіп қойғандар мен құлап қалып дене жарақатын алған балалар да көп кездеседі... Емханаға бармай бізге тікелей келетін балалардың саны да күн санап өсіп отыр. Сондай-ақ, 4-5 күн қызулаған және жөтелі бар баланы «пневмония» диагнозымен толық тексерусіз ауруханаға жіберулер мен амбулаторлы ем алуға мүмкіндігі бар науқастарды стационарлы емге жіберулер саны көбейді. 1 күн ауырған балаға ешқандай амбулаторлы ем тағайындалмай ауруханаға жіберілуі және біздің ауруханада окулист маманының жоқтығына қарамастан көз ауруларымен балаларды жіберулер да күн санап өсіп отырғаны өкінішті,-дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Рзабекова.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған жаңа жүйеге сәйкес қабылдау бөліміне келіп түскен науқастар үш топқа бөлінеді. Науқастың ахуалына байланысты оның қолына қызыл, сары немесе жасыл түсті білезік тағылады. Қызыл аймақ – шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілуі тиіс науқастар. Сары аймақ – қабылдау бөлімшесі төсек орнында шұғыл емес медициналық көмек көрсетуді қажет ететін науқастан, сонымен қатар диагнозын анықтау мен нақтылауға қалдырылатын науқастар. Ал, жасыл аймақ науқасты қабылдап, қызмет көрсетіп, бағыт беруге арналған. Бұл топқа жоспарлы емдеуге жатқызылған науқастар да жатады.
Венера Мирланқызы