Жаңаөзендік айрандай ұйыған Жұмабаевтар отбасы тәлімді келіндері мен өнегелі енесімен өзгелерге үлгі. Шәудірбай Жұмабаев пен Алтыншаш Шоматова 4 ұл-келіні мен 1 өкіл қызынан 12 немере сүйіп отыр.
Жуырда ғана Алтыншаш Шоматова 4 келінімен «Ене мен келін» сайысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Қазақилықтың қаймағын бұзбаған бұл отбасы үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету басты қағида. Сыйластық пен кішіпейілдіктің де көрінісін осы үйдің келіндерінен көресіз.
62 жастағы Алтыншаш Шоматова бүгінде қалалық электр желілері басқармасының тазалығының жауапты қызметкері. Сондай-ақ, қолы қалт етсе құрақ құрап, тоқыма тоқып қолөнермен айналысады. Қазақ жұрты «Келін қайын ененің топырағынан» деп бекер айтпаса керек, абысынды-келіндердің де қолынан келмейтіні жоқ.
Ене мен келін арасында сыйластықтың үлкен рөл атқаратыны белгілі. Келіндерім айтқызбай-ақ, көзімнен түсінеді. Бұның өзі сыйластықтың бір нышаны деп білемін. Келін табалдырықтан аттағаннан кейін оны жақсы келін ету ененің міндеті, - дейді Алтыншаш Шоматова.
Келін мен ене арасындағы сабақтастықты сезгенде «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деген сөз ойға оралады. Ал халық арасында жаманын жасырып, жақсысын асырғандарға ел сүйсінетіні тегіннен тегін емес.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН