10 қазан күні Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде ҚР Мәдениет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және еліміздің әр түпкірінен келген құрметті қонақтар, жазушының замандас-әріптестері, ұшқыр ойлы қаламгерлер мен өнер майталмандары мен жақындары қатысты. Мерекелік жиын басында айтыскер ақын Мэлс Қосымбай Ә.Кекілбайұлының құрметіне «Арнаумен» жырдан шашу шашты. Шарада сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Маңғыстау жұртшылығын аталған мерейтоймен құттықтауын жеткізді. - Ең бастысы «Басымызға қонған бақыт құсы – тәуелсіздігімізден айрылып қалмауымыз керек» деп менің бағытымды қолдап, халықты сабырлы да, саналы болуға шақырғаны барша қазақстандықтардың есінде. Жоғары кеңестің төрағасы, мемлекеттік хатшы сияқты биік лауазымды қызметтерді атқарған ол өзіне артылған зор сенімді абыроймен ақтай білді. Парламент сенатының депутаты болған тұста да қоғам тынысын тап басып, тұтас елдің ойындағы сөзін сөйледі. Асыл азаматтың мерейтойын бүгінде туған елі лайықты атап өтуде. Алматы қаласындағы бір көшеге Әбіш Кекілбаевтың аты берілді. Киелі Маңғыыстауда еңселі ескерткіш бой көтеріп, мәдени орталықтың тұсауы кесіліп отыр. Данышпан Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген сөзі бар. Ел жұртына сіңірген елеулі еңбегі мен тарих төрінен орын алған Әбіш Кекілбаевтың ғибратты ғұмыры халқымыздың жадында әрдайым сақталады деп сенемін. Мерейтой құтты болсын, ағайын!» – делінген құттықтау хатта. Салтанатты кештің ашылуында аймақ басшысы Серікбай Өтелгенұлы мерекеге орай алыстан келген мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіре отырып, Әбіштей заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өтудің бүкіл қазақ елі үшін, халқымыздың өткені мен бүгінін саралап, жарқын келешегіне бастайтын маңызын атап өтті. - «Әбіш Кекілбайұлы көрнекті мемлекет қайраткері ретінде егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне бар күш-қажырын сарп етті. Қазақстан Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент кеңесшісі, сенатор қызметін лайықты атқарды. Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы табанды күресіне тарих куә. ҚР Тұңғыш Президенті жанында ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Сындарлы саяси қызметте сенімді серігі, күрмеулі кезеңде данагой кеңесшісі бола білді. Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда аянып қалмады. Тәуелсіздікті алған тұста кесек ой, астарлы пікір білдіріп, тың түйін жасауға ұмтылды. Қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелер жөнінде кең толғап, адал сөйледі. Әбіш ағаның елдікті нығайту жолындағы еңселі еңбегі Елбасы тарапынан жоғары бағаланып, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Біздің көздегеніміз – Әбіш Кекілбайұлының бай әдеби мұрасын ізгі ұрпақ өкілдеріне насихаттау, ой-санасына сіңіру. Ұлт мәртебесіне айналған Ұлы суреткердің бір өзі бір дәуірге тұрарлық мазмұны терең туындыларын атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету – азаматтық парызымыз», - деді аймақ басшысы С.Трұмов. Мәдени ошақтың қара шаңырағына айналған кешенде Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай және кітапхана, фото көрмелері ұйымдастырылды. Қазақстанның дамуы үшін қалтқысыз еңбек еткен Әбіш Кекілбаев еліміздің болашағына үңілген барлық мәселелерінде белсенділік танытқандардың бірден-бірі еді. Жиында жазушы Төлен Әбдікұлы және ақын Есенғали Раушановтар кеш қонақтарына құттықтау сөз арнап, «абыз ағамен» ортақ естеліктерін тілге тиек етті. Мерекелік кеш Айгүл Үлкенбаева, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры актерлері, Айгүл Қосановалардың орындауындағы «Маңғыстау» поэтикалық қойылымының сахналануымен жалғасты. Кеш қонақтарының алдында Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры актерлері, Гүлсина Мирғалиеваның театр мектебі, Халықтық ұжым «Жорға» би ансамблі Ә.Кекілбайұлы шығармалары мен сұхбаттарының негізінде театрландырылған «Аманат арқалаған Абыз» атты прологты сахналады. Туған жеріне мәңгілік перзент болып қалатын жазушының жерлестері оның жұбайына құрмет көрсетіп, арнайы дайындалған гүл шоқтары ұсынылды. Әбіш ағамен 51 жыл отасқан Клара Жұмабайқызы оның кейбір қасиеттері «Ай-анаға» ұқсағаны, жазушының қонақжай болғанын, кітаппен өмір сүргенін айтып әңгіме өрбітті. - Бүгін Әбіш қайта туғандай боп тұр. Ерте кетеді деп ойламаған едік. Бұл күнде ел қуанып жатыр. Барлығыңызға құрметтеріңіз үшін алғыс айтамын. Әбіштің екінші өмірін көріп жатырмын, - деді Клара Жұмабайқызы. Салтанатты жиынның соңы Тамара Асар, Халықтық ұжым «Жорға» би ансамблінің орындауындағы «Әбіш Әлемі» атты көпшілік көңілінен шыққан, тебіреніп тамашалайтын қойылымға ұласты.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86209,86206,86208,86202,86207,86201,86203,86204"]