5 тамыз – Республикалық бірыңғай медиация күніне орай аудандық сот пен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Мұнайлы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығынан «Татуластыру орталығы» ашылды. Орталықтың ашылуымен Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық алқасының төрағасы Ержан Қарабаев, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Нұрсапа Примашев, облыстық соттың судьясы Мұрат Аубакиров, аудандық прокуратураның прокуроры Әлімжан Ерліханов, салық басқармасының басшысы Қайрат Үсенғалиев, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, майор Батыр Сындаровтар құттықтай келді. Лента қию рәсімі жасалып, облыстық соттың қылмыстық алқасының төрағасы Ержан Өсерханұлы аудандағы жалғыз кәсіби медиатор Әдемі Кемаладиноваға алғыс хат тапсырып, медиация күнімен құттықтады. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Нұрсапа Махамбетұлы орталықтың ашылуымен құттықтап, татуластыру орталығының жұмысына табыс тіледі. Келген қонақтар орталықтың ашылуына ақжарма тілектерін арнады. Оларға «Кәсіби медиатор болуым – сіздермен тығыз байланыста жұмыс жасап, сіздердің көптеп қолдауларыңыздың арқасында» – деп Әдемі Кемаладинова алғысын білдірді.
Гүлнара БЕҚҚАЛИҚЫЗЫ