Ақтаудағы қылмыстық іс былтырмен салыстырғанда 22,3%-ға азайған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин хабарлады.
Оның айтуынша, 10 айдың ішінде 698 қылмыстық іс қаралған.
«598 тұлғаға қатысты 540 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Оның ішінде 2 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шықты. 66 тұлғаға қатысты 56 қылмыстық іс өндірісінен қысқартылған. 74 іс бойынша сотталушыға іздеу жариялануына байланысты прокуратураға қайтарылған. Сотталған тұлғалардың ішінде бас бостандығын айырумен 182 тұлға сотталған», - деді Бауыржан Шайдуллин.
Брифингке Ақтау қалалық №2 сотының төрағасы Рахымжан Бейсенов те қатысты. Оның мәлімдемесіне сүйенсек, жыл басынан бері Ақтау қаласының №2 сотында 5000-ға жуық азаматтық іс қаралған. Шешім шығарумен 2109 іс, соттылығы бойынша 64 іс, тараптар татуласу рәсімімен 81 іс, медиациялық тәртіппен 665 іс, партисипативтік келісіммен 2 іс атқарылған.
«Былтырғы жылы еңбек даулары бойынша 217 талап қою арызы түсіп, оның 30-ы кері қайтарылды. 5 іс бойынша тараптар татуласу келісіммен, 14 іс медиациялық келісіммен, 2 партисипативтік келісіммен аяқталды. Осы жылы еңбек дауы бойынша 204 талап қоюы арызы түсіп оның 62-і кері қайтарылды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы некені бұзу туралы даулары бойынша өткен жылы 972, биыл 1317 талап қою арызы түскен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда артып отыр», - деді Рахымжан Бейсенов.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Иниятулла Досетовтың хабарлауынша, 2021 жылдың 10 айында Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 139 тұлғаға қатысты 71 қылмыстық іс түскен.
«2021 жылдың 10 айында Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 139 тұлғаға қатысты 71 қылмыстық іс түскен. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 99 бабымен - адам өлтіру 18 іс. ҚК-тің 120 бабымен - зорлау 21 іс, ҚК-тің 297 бабымен есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымы бойынша 26 іс, ҚК-тің басқа баптарымен 6 іс түсті. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта аса ауыр қылмыстар жөніндегі істер қаралады. Сондықтан, басқа қылмыстық істер қарайтын соттарға қарағанда қатаң жазалар тағайындалады», - деді Иниятулла Досетов.