Маңғыстау облысында заңсыз төгілген үйінділерді анықтау және санитарлық тазарту жұмыстары жалғасуда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ дерегі бойынша жыл басынан бері аймақта 141 рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгу фактісі анықталған. Соның ішінде 38 орын Жаңаөзен қаласынан табылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жергілікті атқарушы органдар тұрмыстық қатты қалдықтар төгілген 108 орынды тазалаған. Ал Жаңаөзендегі қоқыс алаңының тек екеуі ғана «ӨзенМұнайГаз» АҚ көмегімен тазартылған.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, Жаңаөзен қаласында бір аптаның ішінде барлық рұқсат етілмеген қоқыс алаңы жойылуы тиіс. Қоқыс үйінділері тазаланбаған жағдайда Маңғыстау облысының экология департаменті Жаңаөзен қаласы әкімдігіне айыппұл салады.
Өз кезегінде Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев жақын арада заңсыз қоқыс төгілген жерлер тазартылады деп сендірді. Қазіргі уақытта ауыр техникасы бар кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Өңірде стихиялық қоқыс үйінділерін тазарту бойынша айлық өтіп жатыр. Рұқсат етілмеген полигондардың орналасқан жерлерін анықтау және жою жұмыстары аясында экологтардың, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, жергілікті полиция қызметінің, Ақтау қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді», - деді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Сағдат Хансейітов.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру өзектілігін жоғалтпағанын айтады. Әсіресе әрбір тұрғын қалдықтарды бөлек жинаудың маңыздылығын және санитарлық ережелерді сақтауды әрдайым есте сақтау ауадай қажет деген пікірде.
«Өздігінен көрінген жерге қоқыс тастау дұрыс емес. Мұндай деректерді анықтау оңайға соқпайды, себебі басым бөлігі қоқысты түнгі мезгілде шаһардың сыртына апарып тастайды. Осылайша заңсыз қоқыс полигондары көбейіп отыр, олар өздігінен пайда болмайды. Жалпы кімде-кім тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны абзал», - дейді Есенқос Естөреұлы.
Белгілі эколог Әділбек Қозыбақов бұған дейін құқық қорғау органдары рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандарға қатысты жазаны қатаңдату қажеттігі туралы бірнеше рет жазған болатын. Яғни, қоқыс үйіндісін көбейтіп жүргендер әділ жазасын алуы керек. Бұл ретте полицейлер үлкен рөл атқара алады, өйткені осындай заңсыз әрекетке баратындардың басым бөлігі жеке тұлғалар, ал оларды жауапкершілікке тарту тек тәртіп сақшыларының ғана құзыретіне кіреді.
Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевтің айтуынша, экология мәселелері әкімдіктің жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Мәселен, жақында Жаңаөзен шаһарында қалдықтарды сатып алатын алғашқы эко-пункт ашылған. Кәсіпкер күніне жергілікті тұрғындардан бір тоннаға жуық қоқыс сатып алады екен. Ал, эко-пунктке келушілердің дені балалар мен жасөспірімдер. Осылайша олар еңбек етуге үйренеді және табыс табуға мүмкіндігі бар. Алғашқы айдың өзінде эко-пункт тұрғындардан 15 тоннаға жуық қоқыс сатып алған. Макулатураның әр келісі 20 теңге болса, алюминий банкілер 80 теңгеден қабылданады.
Берік Ізғалиевтің сөзінше, эко-пункт қалада қоқыс көлемін азайтуға және таза ұстауға азда болса көмегін тигізуде. Алдын-ала талдау жүргізілген. Тапсырылған 15 тонна қалдықтың жартысы картон қораптар, 37% пластик және 13% алюминий банкілер. Кәсіпкер қазірдің өзінде қалдықтарды өңдейтін зауыттармен ынтымақтастық орнату бағытында жұмыстанып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, болашақта қоқыс үйінділерін болдырмау мақсатында әкімдік инвесторлармен келіссөздер жүргізбекші, яғни инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін әкімдік тарапы жер телімін беруге және басқа да сұрақтар бойынша қолдау көрсетуге дайын.