Бүгінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Өңірімізде балаларға қатысты зорлық пен әлімжеттіктің деңгейін білу үшін және зомбылықтың алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Жылқыбайқызымен сұхбаттасқан едік.
Маңғыстау облысы бойынша балалар арасындағы зорлық-зомбылық қандай деңдейде?
Қазіргі уақытта балалар қашықтан білім алып жатқандықтан, бұл мәселе төңірегінде ешқандай қиындық жоқ. Дәстүрлі оқу форматы кезінде де мектеп оқушылары арасында зорлық көп болған емес. Соңғы рет оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық 3 жыл бұрын болды.
Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылыққа көбіне кімдер ұшырайды?
Бұрындары көбіне ұлдар арасында бір-бірінен ақша талап ету, телефонын тартып алу сынды оқиғалар болған. Ал қыздар арасында бұндай мәселе жоқ деуге болады. Мәселе екені рас, алайда, бұны аса бір зорлық деп атамасақ та болады. Осындай мәселелерді азайту үшін біз білім беру ұйымдарында «Медиация» құрдық. Онда психолог мамандар кикілжің туындаған жағдайда оқушыларды бітімге келтіру үшін жұмыс істейді. Нәтиже жаман емес, бұл әдіс жемісін беріп жатыр.
Осы тақырыптың төңірегінде әңгіме бастағаннан кейін әлеуметтік жағдайды айтпай өтуге болмайды. Балалар арасында зорлық пен әлімжеттік жасауда әлеуметтік теңсіздік әсер ете ме?
Иә, бұл мәселе көбіне отбасының әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Мәселен, отбасы күнкөрісі төмендеген балалар әртүрлі әрекетке барған оқиғалар болды. Бұл әрине артта қалған қиындық деп ойлаймыз. Өйткені, қазіргі уақытта көпбалалы, әлеуметтік осал тобына тобына жататын отбасылардың балаларына берілетін көмек бар.
2013-2017 жылдары «ЮНИСЕФ» өкілетті органдармен бірге мектептерде зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша пилоттық бағдарламаны бастаған еді. Әзірленген әдістемеге біздің облысымызда сынақтан өткізіліп, тиімді нәтиже көрсеткен еді. Әдістеме қолданысқа еніп, жемісін беріп жатыр ма?
Шынын айту керек, «ЮНИСЕФ» бағдарламасының қазақы менталитетке ұштаспайтын тұстары бар. Алайда, әдістеме бізге мүлде тиімсіз дей алмаймыз, жоғары сынып оқушылары үшін ғана ұтымды болды.
Балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу үшін ақпараттық науқандар ұйымдастырыла ма?
Әрине, бұндай науқандар қазіргі заманда ауадай қажет. Жақын арада «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Зорлық-зомбылықтың алдын алу. Отбасы, мектеп, қоғам мәселесі» деген ақпараттық науқандар өтті. Айта кететініміз, аталған науқандар жүйелі түрде өтіп тұрады. Зорлық-зомбылық мәселесін шешуде бұл науқандардың үлесі көп екені сөзсіз.
Соңғы уақытта мектеп оқушыларының зорлануы үлкен мәселеге айналды. Осыған байланысты білім беру ұйымдары қандай шаралар жасап жатыр?
Иә, бұл да айтарлықтай мәселе. Балаларға бөгде адаммен сөйлеспеуді, үйде жалғыз қалғанда есік ашпауды, таныс емес адамдардың ақпаратына жүгінбеуді түсіндіретін профилактикалық шараларды жиі ұйымдастырамыз. Бұл жерде бүкіл жауапкершілік тек білім беру ұйымында емес, ата-аналар да етене жұмыс істеуі тиіс. Мұғалім мен ата-ана біріккен жағдайда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеріміз анық.
Сұхбатыңызға рақмет!
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ