Отандық нарықта сапалы, әрі сәнді киімдерімен таныла бастаған «Алтын адам» тігін фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібінің өресін кеңейтуде. Алғашында Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының ғана қажетін өтейтіндей ерлер костюмдерін тігумен шектелген фабрика қарқынды жұмыс нәтижесінде ел арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Киім фабрикасы тұтыншылардың қажетіне орай классикалық стильдегі ерлер киімдерімен қатар, қыз-келіншектер костюмдерін, оқушыларға арнап мектеп формасын тігуді қолға алған. Оған қоса, елдің әрбір тұрғыны отандық брендке қолжеткізу мақсатында Қазақстанның алты облысынан «Алтын адам» дүкендері ашылған. Соның бірі жеке кәсіпкер Асқар Рахымбердиев басшылық ететін фирмалық дүкен Жаңаөзен қаласында 2016 жылдың 20 қаңтарынан бастап жұмыс істейді.
- Мен «Golden Nomad» -«Алтын Адам» сауда белгісімен костюм тігетін фабриканың Маңғыстау облысы бойынша өкілімін. Ақтау және Жаңаөзен қалаларында дүкендеріміз бар. Жаңаөзендіктердің отандық өнімді қолдау жағы жаман емес. Мұның себебі киімнің матасы мен дизайны, әрі бағасы көңілге қонымды болғандығы деп есептеймін-дейді, А.Рахымбердиев. «Алтын адам» тігін фабрикасы ел нарығында жұмыс жасап жатырғанына үш жылдай уақыт болған. Кәсіпорын ұсынған сәнді киімдер топтамасы әрбір қазақстандықтың көңілінен шығуда. Өйткені, фабрикада қолданылатын ең соңғы үлгідегі автоматтандырылған тігін машинкаларының тігісі жатық, әрі мүдірместей теп-тегіс. Ал, еуроүлгідегі киімдердің дизайнымен шетелдік білікті мамандар жұмыс жасауда. Олар, дене бітім мен талғамға орай әрбір өлшемге мән беріп, киімнің қонымды болуын есепке алады. - Кәсіпорын классикалық стильде киім тігуге маманданғандықтан басқа бағытта, мысалы спорттық, арнайы жұмыс киімдерін т.б. тігумен айналыспайды. Тек бір ғана бағытты ұстанып, сапалы өнім өндіруді мақсат тұтады. Ендігі кезекте классикалық стильде ерлер мен әйелдердің сырт киімдерін тігу қолға алынуда. Алдағы уақытта, дүкеннен күздік, қыстық пальтолар, жылы күртешелерді кездестіретін күн де алыс емес. Дизайны мен тігісі шетелдік костюм-шалбарлардан кем түспейтін отандық өнімнің матасы да сапалы көрінеді. Түркия, Италия елдерінен арнайы тапсырыспен әкелінген маталар түтілмейді, бояуы ақпайды. Оған дүкен қызметкерлері кепілдік беруде. Бағасы да шеттен тасымалданатын костюмдерден салыстырмалы түрде арзан. - Бізге көбіне жастар жағынан сұраныс көптеп түседі. Қызметке, той-томалақтарға отандық брендті таңдаушылар көп. Осы тұста «Алтын Адам» киім фабрикасы отандастарымызға өз тауарларын арзан бағада ұсынып отыр. Мысалы, Түркия, Италия елдерінен келетін костюмдерге қарағанда біздің бағадан елу пайызға дейін жеңілдікті байқауға болады.
Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да дүкенге келушілер қатары қалың. Күніне жүзге тарта тұтынушы «Алтын Адам» киімдерімен танысып, сатып алады. Сұраныстың артуына фирмалық мектеп формалары да оң әсер етуде. Жақындап қалған жаңа оқу жылына орай ата-аналар мектеп формасын дәл осы дүкеннен сатып алуда. Ер бала мен қыз балаларға арналған «Алтын адам» мектеп формалары білім министрлігі бекіткен стандарттарға сай тігілген. Қою көк түсті, қыз балалардың белдемшесі тізеден келеді. Костюмі, ішінде көкірешесі және ұлдарға шалбар, қыз балаларға белдемшесі бар. Егер ата-аналар тарапынан ұсыныс түсер болса, белдемшенің ұзындығын өзгертуге болады. Бағасы оқушылардың жас мөлшеріне орай әрқалай: 13 мың, 15 мың теңгенің көлемін құрайды. Суыққа жұқа, ыстыққа қалың болмас үшін матасы да арнайы таңдалған. Ал, костюмнің кеуде тұсына «Жаңаөзен мектебі» деген арнайы эмблема отандық брендтің мектеп формасын басқа сауда белгілерінен айыру мақсатында жасалған. Сондай-ақ, қыс мезгілінде қыз балаларға жылы болуы үшін шалбарлар тігу қолға алынған. Бір айта кетерлігі, Жаңаөзен қаласы мектептеріне «Алтын Адам» мектеп формасын сатып алу талап етілмейді.
Салтанат Айтулова, қала тұрғыны: - Мектеп жасындағы екі ұлым бар. Кішісі бірінші сыныпқа баратындықтан, мектеп формасы мемлекет тарапынан қамтылады. Ал, үлкеніне отандық брендтің мектеп формасын сатып алып беруді жөн көрдік. Сапасы да, бағасы да көңілге қонымды. Оқушымызға да ұнап тұр. Матасына қызығып бірінші рет сатып алып жатырмын.
Жаңаөзен қаласында ашылған «Алтын Адам» дүкені екі адамды жұмыспен қамтып отыр. А.Рахымбердиевтің айтуынша, жеке тапсырыспен де жұмыс жасауға болады. Қазіргі таңда, бұл киім фабрикасына Жаңаөзен қалалық әкімшілігі бірдей қызметтік формаға тапсырыс берген. Жұмыс қарқыны жаман емес. Сонда да, ел жеңіл өнеркәсібін алға көтереміз десек отандық өнімдердің сапасына баға беріп, барынша қолдауға тырысуымыз қажет-ақ.
Мәдина БЕГАРЫС