Пайдалана білгенге қара жердің берер ырысы мол. Бұл - маңғыстаулық дихан Баймұхан Алдановтың түйгені. Оның егіншілікпен айналысып келе жатқанына биыл он жыл. Жердің бабын тауып, игілігін көре білген шаруа бау-бақша өнімін тонналап жинап, маңғыстаулықтардың жергілікті жеміс-көкөністі тұтынуына жағдай жасап отыр, - деп хабарлайды «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы.
Шаруа Баймұхан Алдановтың иелігінде 100 гектар жер бар. Осы жылы соның 15 гектарына қауын, қарбыз, орамжапырақ пен қызанақ екті. Бұдан бөлек, мал да өргізіп отыр. Негізгі мамандығы болмаса да, әкеден көрген кәсібін дөңгелетіп, жемісті жолды жалғап келеді.
Тұтынушыға дайын өнім жеткенімен, оның артында көзге көрінбейтін жұмыс жетерлік. Ең қиыны, шөлейтті өлкеде егін суару. Шаруашылық бұрын егіс алқабын арық арқылы суарып келсе, бес жыл бұрын тамшылата суаруға көшкен. Бұл бірінші кезекте суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол үшін арнайы су тазартқыш қондырғы да орнатылған. Орнатылған қондырғы құдық суын тазартып, арнайы аппарат арқылы егістікке жіберіліп отырады.
- Егін шаруашылығынан «Бөрібай» шаруашылығына 1,5 млн. субсидия алды. Ол субсидия дегенің мемлекеттік көмегі жеке шаруа қожалықтарына, егін шаруашылықтарына сонымен қатар бұл жылда 10 шақты жылдың үстінде болды, соның 6-7 жылына субсидия алып келеді. Алған өнімдерін сенбі-жексенбі күндері Мұнайлы ауданындағы сауда жәрмеңкелеріне қатысады. Одан артылғандарын қалаға апарып сатады, дейді Дүйсенбек Жоламанов - аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының м.а.
Жергілікті диқанның өніміне сұраныс жоғары. Бұған өнімнің бағасы мен сапасы себеп. Кәсіпкер болашақта егістік аумағын кеңейтіп, жеміс пен көкөніс түрін де көбейтпекші.