©
Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратында өңір басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен кезекті аппарат жиыны өтті. Онда жастар мәселесі, олардың арасындағы жұмыссыздық, студент жастардың жатақханамен қамтамасыз етілуі және бюджеттің игерілуі талқыланды.
Жастарды қолдау – басым бағыт
Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы халық саны 673 700 адамға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайыз өскен. Ал жалпы халықтың 4,8 пайызы жұмыссыз. Жастар жұмыссыздығы 2,8 пайызды құрап отыр.
«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», – деген еді Елбасы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында.
Осы орайда облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы жастар басқармасы басшысына нақты тапсырмалар беріп, жобалардың жүйелі түрде іске асырылуын міндеттеді.
«Келесі жылы – жастардың жылы. Жастар үшін маңызды шараларды атқаруымыз керек. Оның біріншісі – жастардың жұмыссыздығымен күресу», – деген облыс әкімі орынбасары Мақсат Сқақовқа жастармен үлкен кездесу ұйымдастыруды тапсырды. Алайда бұл жай басқосу болмауы керек. Жастар арасындағы қарым-қабілеті жоғары, әлеуметтік бағытта ерекше жобалары бар азаматтарды қолдауға бағытталған жиын болмақ.
Сондай-ақ Ақтау қаласында 1600 орын, Жаңаөзен қаласында 100 орын студенттер жатақханасына сұраныс бар. Ақтау қаласындағы кейбір жатақханаларды қараша айында салу жоспарланған. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жатақханасының құрылысы үшін де инвесторлар тартылып, жыл соңына дейін жатақхана жобасы дайын болады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда кірістер департаментінің 120 қызметкері жауапқа тартылғанРеспубликалық бюджет 93% игерілді
Маңғыстау облыстық қаржы департаментінің мәліметінше, биыл облыстың жергілікті бюджет кірісі 108 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде былтырмен салыстырғанда жеке табыс салығы 5,3 миллиард теңге, әлеуметтік салық және азаматтарға пәтер сатудан түскен түсім 2 миллиард теңге, жер учаскелерін сатудан 1,4 миллиард теңге түсім болған. Жалпы жергілікті бюджет 98,3 пайызға, республикалық бюджет 99,3 пайызға игерілген.
Республикадан бөлінген қаражаттың әлі 3,3 миллиард теңгесі игерілмей тұр. Оның басты себебі, құрылыс компанияларының ісі сотта қаралып жатыр. Мәселен Ақтау қаласында қажетті нысанды бір көзден сатып алуды болдырмау мақсатында 3 ғимаратқа байланысты іс сотта қаралып жатыр. Сот шешімі толықтай өз күшіне енгеннен кейін тиісті қаржы алдағы уақытта аударылады. Жалпы жыл соңына дейін жергілікті және республикалық бюджетті 100 пайыз игеруге қауқар бар.
Аппарат жиынын қорытындылаған Ералы Тоғжанов нақты жоспар бойынша жұмыс істеп, табысты нәтижеге қол жеткізу керектігін еске салды.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ
Көрнекі сурет сайттың архивінен