©
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында болған «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша құрылған «Индустриялық даму» бағыты жөніндегі сараптамалық комиссия тобы онда жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысып, алдағы атқарылар жобалардың тиімділігі туралы әңгіме өрбіді.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы 2002 жылғы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған. Оны құрудағы басты мақсат экспортты дамыту және жоғарғы технологиялық өндірісті құруға бағытталған. Содан бері мұнда 1200 жұмыс орны ашылыпты. Алдағы жылы жалпы құны 69,59 миллиард теңгені құрайтын 6 жаңа жоба жүзеге асырылып, 1062 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Мереке Дүйсенбаев арнайы экономикалық аймақтың ерекше болуы ел экономикасына қаржы тартуға ыңғайлы жағдай жасайтындығын атап өтті. Сондай-ақ ол өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын, бұл жобалардың ел экономикасына елеулі үлес қосатынын және аймақта осындай 17 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында болғанымызда алдымен Azersun холдингінде болдық. Бұл 2016 жылы ашылған үлкен қойма екен. Комиссия мүшелері мен журналистерді қойма меңгерушісі Рауф Сулейманов қарсы алды. Оның айтуынша, заманауи жабдықтармен қамтылған қоймаға салынған инвестицияның 25 пайызы республикалық бюджеттен бөлініп, 75 пайызы Әзербайжаннан тартылған. Мұнда қазір 15 адам жұмыс істейді, барлығы облыс тұрғындары.
Қойманың бір жағында астыққа толы қаптар тұрса, екінші жағы бос. Мұздатқыштары бар бөлмелері де бос.
- Қоймада тауар ұзақ сақталмайды, 2-3 күнде иесі алып кетеді, - деді Р.Сулейманов. - Ал мұздатқыштарға негізінен тауық сирақтары салынады. Мысалы, Грузиядан келетін тауықтар осы қоймада сақталады. Көкөніс, жеміс-жидектер сақтайтын орын да уақытша бос тұр. Мұнда жеміс-жидектер 6 айға дейін бұзылмай сақталады. Жаз аяқталар тұста жеміс-жидектерді осында әкеліп сақтайды да, қыста, көкөніс қымбаттаған кезде сатуға шығарады.
Қолбайлау болып тұрған қандай да бір түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелердің бар-жоғын сұраған сауалға ол бір ғана мәселе бар екенін айтты. Бұл — клиенттердің аздығы.
- Azersun холдингінің Бакуде де, Иран елінде де үлкен қоймалары бар, - деді «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сакен Шамов. - Ақтауда ашылғанына небәрі 2 жыл болып отыр. Қазір қойма 30% жұмыс істеп тұр. Бұл соншалықты төмен көрсеткіш емес. Жаңадан іске қосылған зауыттардың да 4-5 жылға дейін толық жұмыс істеп кетуі екіталай екенін барлығымыз да білеміз. Azersun холдингі де 4-5 жылда 50 пайыздан жоғары жұмыс істеп кетеді деген сенімдеміз. Клиенттердің аз екендігі рас. Біз клиент жинаумен айналысып та жүрміз. Түрлі форумдарға қатысамыз, кәсіпкерлерге қажетті ақпараттарды таратамыз. Холдинг те клиенттерімен келіссөз жүргізіп, бағаны төмендетіп жатады. «Дина» супермаркеті ашылғалы тауарларымыз молыға бастады. Қала күннен күнге үлкейіп келе жатыр. Соған орай сауда орындары да көбейе түсіп, клиенттер қатары да артады деген үміт бар. Ал Әзербайжаннан келетін тауардың барлығы осы қоймада.
Біз барған екінші нысан — «Ақтау-ЭнергоМаш» ЖШС аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын көрдік. тұрмыз. Бұл трансфрматор, кабель шығаратын зауыт жобасы. Оған 100% Әзербайжан инвестициясы салынған. Құны - 9,1 миллиард теңге. Жыл аяғына дейін іске қосылмақ. Бакуден басқа бірнеше шет елдерде де осындай зауыттар тұрғызған инвесторлар Германиядан келе жатқан трансорматор, кабель жасайтын жабдықтарды күтіп отыр.
Осы және бұдан да басқа 17 жоба сәтті жүзеге асып, төрт аяғынан тең басып кетуі халықтың әл-ауқатына елеулі жағдай туғызары анық. Биыл жалпы құны 10,5 миллиард теңгелік 4 жоба жүзеге асырылып, 262 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Олар — «Steelworking Center» ЖШС болат өнімдерін өндіру, «Ақтау-ЭнергоМаш» ЖШС кабельдер мен трансформаторлар өндіретін зауыт, «Satex Chemie» ЖШС битум эмульсиясы негізінде гидрооқшаулағыш материалдарды өндіру және полимерлі орау өндірісі.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА