ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жаңаөзендегі сапарын «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа қарасты «УРНОиТК» мекемесінен бастап, мұнайшылардың жұмысымен танысты. «Өзен жылу» МКК-ның Кіші жылу электр орталығының жұмыс істеу барысын барып көрді. Себебі бұл - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобалардың жаңалыққа толы жарқын көріністерінің айқын айғағының бірі.
«Өзен жылу» МКК қаладағы көпқабатты 245 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды сумен, бумен қамтамасыз етеді. Қалаға тартылған төрт құбырлы жерасты жүйесінің екеуі ауыз суға, қалған екеуі жылу жүйелеріне арналған. Енді кіші жылу электр орталығы арқылы тоқ өндіріп, оны өздері де пайдаланып, өзгелерге де сатып, өзін-өзі қаржымен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін іске асыруды жоспарлап отыр. Жаңаөзенге сапарлаған ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевқа «Өзен жылу» МКК директоры Әділбек Рубилов бүгінгі таңдағы жүзеге асырылып жатқан істері мен алдағы жоспарларын әңгімелеп берді.
Оның айтуына қарағанда, аталмыш орталықтың құрылыс жұмыстарына ҚР Үкіметінің арнаулы қаулысы мен бекітілген кешенді жоспарына сәйкес 2010-2015 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Ол бүгінгі таңға толық игерілген. Ал оның баптау жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Сондықтан бұған қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлінді. Соның нәтижесінде электр орталығының бір турбинасы 2016 жылы іске қосылды. Осының өзі кәсіпорынды электр қуатын тұтыну бойынша өзгеге тәуелділіктен толық құтқаратын мүмкіндіктері бар екендігін дәлелдейді. Өйткені «Өзен жылу» кәсіпорыны жазда ай сайын 500 кВт, ал қыста 1 млн 400 – 1 млн 500 кВт электр энергиясын жұмсайды. Атап айтқанда, аталмыш мекеме қала тұрғындарын қысқы маусымда тұрақты түрде жылуды жеткізіп беру үшін ай сайын «МАЭК Қазатомөнеркәсіп» мекемесіне 21 млн, ал оны тасымалдаушы «МРЭК» мекемесіне 7 млн, яғни екеуіне 28 млн теңге қаржы төлеп отыр.
Сол үшін алдағы кезеңдерде бір турбинаның қуаттылығымен өздеріне қажетті электр энергиясын өндіріп, өздерін-өздері қаржымен қамтамасыз етпекші. Сонда әлгі 28 млн теңге қаржы мекемеде қалады деген сөз. Екінші турбина іске қосылса «Өзен жылу» МКК өздеріне жақын өндірістік аймақтарда орналасқан кәсіпорындарды электр қуатымен қамтамасыз ете алатын болады. Яғни, тұтынушыдан сатушыға айналады. Демек, өзін-өзі қаржыландырады. Ол үшін сағатына 5 МВт тоқ өндіреді. Бұл бір айда ақшаға шаққанда орташа 40 млн теңгедей қаржы келіп құйылады дейді мамандар. Тағы өзгеге электр қуаты үшін төлеген 22-28 миллион теңге компанияның өзінде қалады.
Бұл турбинаның халыққа бір сәтте үш түрлі пайдасы тиеді. Электр қуатын өндіреді, тұрғындарға қалдық булар арқылы жылу беріледі және ыстық сумен қамтамасыз етіп, бірден үш функцияны қатар атқарады. Аталмыш турбиналар толыққанды қуаттылықта жұмыс істейтін болса, кәсіпорын жұмысшыларының айлық жалақыларын 10-15 %-ға көтеру мүмкіндігіне ие болатын көрінеді. Қазірше жұмысшылардың орташа жалақысы 82 мың теңгеден келеді дейді кәсіпорын жетекшісі. Екіншіден, қала халқының электер энергиясына қажеттілігі айына 25 000 МВт болатын болса, осы екі турбина іске қосылса, 10-15 %-ға қаланың қажеттілігі жабылады. Апатқа қарсы автоматиканың шкафын орнатқасын толық электр қуаты және жылумен қамтамасыз ететін болады.
Бұл кіші жылу электр орталығында белгіленген жоба бойынша 80 адам жұмыс істеуі қажет. Бүгінгі таңда 40 адам жұмыс істеп жатыр. Толыққанды іске қосылғасын турбинамен жұмыс істейтін мамандар, машинист, электриктер мен автоматика жөндеушілерін жұмысқа қабылдап, 80 адамға толтырамыз деді кәсіпорын басшылығы. Мұндай мамандық иелері «Өзен жылудың» өзінде бар.
ҚР Премьер-Министрі мұнан кейін қаладағы Политехникалық колледжге барып, оқу орнының ұстаздары және студенттерімен кездесті. Бақытжан Сағынтаевтың Жаңаөзенге іссапары кезінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев пен облыс, қала активтері бірге болды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ