«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды. Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан
Күнделікті тұрмыста тұтынудан қалған түрлі (тамақ, қағаз, пластик және тағы басқалары) қалдықтарды бір қалтаға салып, қоқыс жәшігіне тастап кете барамыз. Қоқыс жәшігінің ішіне тасталса бір сәрі, таяқ тастам жерге төгуге ерініп, далаға қойып кететіндерді қайтерсіз?! Бұл – күнбе күн көз алдымызда қайталанып жатқан тірлік. Ауылда ше? Қолында малы бар ауылдағы ағайын тысқа төгілетін қалдықтарды бөліп, жуындыны малға деп, қалған-құтқанын қоқысқа тастайды. Кейбірі кішігірім істі атқаруға, тұрмыстық қалдықты тиісті жәшікке төгуге қиынсынады. Тазалық сақтау мәдениетіміздің деңгейін алысқа ұзамай-ақ айналамызды бір шолып шығып, байқауға болады. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аймақта өткен жылы 127 875 тонна тұрмыстық қатты қалдық полигондарға жеткізілсе, оның 17 595 тоннасы ғана қайта өңделген екен. Бүгінде ауылдың ажарын аздырып, шаһардың шырайын бұзып, көшенің көркін кетіріп қана қоймай, экологиямызға залал, адам өміріне қауіп төндіретін қалдықтарды өңдеу мәселесі біздің өңірімізде де өзекті.
Иә, адамзат баласының алдындағы көкейтесті мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, сұрыптау, қайта өңдеу мен кәдеге жарату. Еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2050 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды 50 пайызға дейін өңдеуге қол жеткізуіміз керек. Бұл бағытта біздің өңірімізде қандай жұмыстар жасалып жатыр? Бұл сауалымызға жауап іздеп көрелік...
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековтің айтуынша, өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды игеруге халықтың тығыздығының төмендігі, елді мекендердің бір-бірінен және облыс орталығынан қашықтығы, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін технологияның жолға қойылмауы кедергі болып отыр.
Қазіргі уақытта қалдықтарды игеру – дамушы елдерде басты мәселе. Дамыған мемлекеттерде қатты қалдықтар түріне қарай бөлек жиналып, қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Маңғыстау облысындағы халықтың 89,9%-ы санитарлық талаптарға сәйкес полигондар бар ірі елді мекендерде қоныстанған. Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтаудың негізгі орындары – көму полигондары. Қалдықтар ауылдарда арнайы белгіленген орындарда жинақталады. Тұтыну қалдықтарын көму полигондары Ақтау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында, Бейнеу, Құрық, Жетібай, Шетпе ауылдарын да және Қаламқас кенорындарында орналасқан, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбеков.
Біздің облысымызда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісімен Жаңаөзен қаласында 3 жылдан астам уақыт бұрын ашылған тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты ғана айналысады.
Мұнайшылар қаласының солтүстік батыс беткейінде орналасқан комбинаттың жылдық қуаты 50 мың тоннаны немесе 300 мың текше метрді құрайды. Мұнда күніне Жаңаөзен қаласынан, Теңге, Қызылсай, Рахат ауылдарынан және Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылынан жиналған 120 – 150 тонна қалдық жеткізіледі. Өткен жылы мұнайшылар қаласынан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі күніне 110 тонна шамасында болыпты. Өндіріс орнындағы құрал-жабдықтар мен жұмысшылардың күшімен қалдықтар сұрыпталып, іріктеліп, 7 түрге бөлінеді. Мәселен, қалдықтар пластик құтылар, пакеттер, маталар, қағаздар, шөлмектер, консерві ыдыстар және тетрапакеттер болып бөлінеді.
- Біз пластик құтылар мен макулатураларды престеп, дайындап қоямыз. Шамамен айына әрқайсысынан 15 тоннадай шығады. Бұл шикізат көздеріне кәсіпкерлерден сұраныс жоғары. Жан-жақтан кәсіпкерлер келіп, қайта өңдеу үшін сатып алып кетеді. Пластиктер мен пакеттерді жергілікті өнімдермен қайта өңдеп, құрылысқа қажетті қырлы кеспе (брусчатка), жиектас (бордюр), жабынқыш (үйдің төбесін жабатын жұқа қыш) шығарамыз. Айына 250 шаршы метр көлемінде шығаратын бұл өнімдерімізді құрылыс материалдарын сататын кәсіпкерлер алады. Бүгінде өнімдер қала көшелерінің, аялдамалардың безендірілуіне жиі қолданылып жүр. Қалған қалдық түрлерін де өңдеу үшін Алматы қаласынан сұраныс болғанымен кәсіпкерлер үшін тасымалдау бағасы қымбатқа түседі, – деді Сәрсенбай Тасболатұлы.
Оның айтуынша, бүгінде келісім шарт бойынша Жаңаөзен қаласының басындағы 44 мекеме тұрмыстық қатты қалдықтарын осы комбинатқа жөнелтеді. Өткен жылы бұл өндіріс орнына 44 мың тонна қалдық жеткізіліп, оның 17%-ы қайта өңделсе, қалған бөлігі өндіріс орнының жанындағы полигонға көмілген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 9 мың 400 тонна қалдық әкелінсе, оның 10%-ы қайта өңделген. Естеріңізде болса, Алматы қаласында жыл басында өткен бизнес-форумда Қазақстанның экологиялық ұйымдары басқармасының басшысы Айгүл Соловьева елімізде бүгінде қалдықтардың 5 пайызының ғана өңделетінін хабарлады. Мамандар үйлердің жанына әртүрлі секциялары бар қоқыс жәшіктерін орнатуды, тұрғындар алдын ала үйінен бөліп алып шыққан қоқыстарды бөліп салу туралы ұсыныс білдірді.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы №212 Экологиялық кодексінің 324 бабында 2019 жылдан бастап пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары, полиэтилентереф талат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары және шыны сынықтарын полигондардың қабылдауына тыйым салынады делінген.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату және өңдеу бағытындағы жұмысының нәтижесінде «Glocal Ecosort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражаты есебінен Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында жиналған қалдықтарды полигонға тастамай сұрыптап, қайта өңдеу ісі қолға алыныпты. Аталған басқарманың мәліметінше, бұл серіктестік қалдықтарды сұрыптайтын технологиялық желілерді орнату жұмыстарын жүргізуде. Осы жылдың мамыр айынан бастап тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жұмыстарын бастамақ. Биыл күзде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған қондырғыларды орнатып, қайта өңдеу арқылы құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлап отыр.
Өткен жылы Ақтау қаласында қалдықтарды бөлек жинау үшін үйлердің жанына контейнер орнатқан «IT ProfService» ЖШС директоры Нұрия Бекниязовамен тілдескен едік.
- Біз қаланың барлық шағынаудандары на 200-ге жуық торлы контейнер орнаттық. Ондағы мақсатымыз – пластиктер мен шыны ыдыстарды жинау. Жұмысшылар аптасына 23 мәрте қалдықтарды жинап алып кетеді. Аптасына шамамен 20 тоннадай осындай шикізат жиналады. Шикізаттарды Алматыға, Ресейге жөнелтеміз. Олар түрлі тұрмыстық тауарлар шығарып, нарыққа ұсынып отыр. Сұраныс жоғары болғандықтан Мұнайлы ауданынан арнайы қабылдау пунктін ашуды жоспарлап отырмыз. Қарақия ауданынан да осындай пункт ашу туралы ұсыныс түсті. Халықтан пластик пен шыны ыдыстарды сатып аламыз. Алдағы уақытта өзіміз қайта өңдеп, өнім шығарғымыз келеді, – деді ол.
Сонымен қатар «Каспий оперейтинг» ЖШС қалада құрғақ қалдықтарды (картон қораптары, пластик) жинақтау үшін жеке торлы контейнерлер орнату жұмысын бастады.
- Өңірлерде ауылдардың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Ақшұқыр, Таушық және Ақжігіт ауылдарында полигондарды салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Полигон құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге өтінімдер беріліп жатыр. Маңғыстау ауданының Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр ауылдарында, Қарақия ауданының Мұнайшы, Болашақ ауылдарында, Бейнеудің Боранқұл және Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылдарында полигон құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Әр үйден шыққан қалдықтар басынан дұрыс жиналып, қайта өңделетін шикізат ретінде құндылығы сақталуы тиіс. Қағаз өнімдері бүлініп, бөтелкелер жарылып, жарамсыз болып, қоршаған ортаға зияны тимеуі қажет. Сондықтан қалдықтарды кәдеге жаратып, игілікке қолданатын инвесторлар іздеу, бұл іске кәсіпкерлерді тарту жұмысын күн тәртібінен түсірмей келеміз. Қоқыс жәшіктері Ақтау, Жаңаөзен қалаларында жеткілікті болса, аудан орталықтары мен ауылдарда тапшы. Кейбір шалғай ауылдарға қоқыс жәшіктері мүлде қойылмаған. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенесарыұлының тапсырмасы бойынша аудан әкімдері биылғы шілде айына дейін бұл олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Жаңаөзен қаласындағы комбинаттың қуаттылығын арттыру, қоқыс қабылдайтын жылжымалы қабылдау пункттерін ашу және тағы да басқа жоспарларымыз бар, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ет дегенде бет бар ма?Әлемдегі тәжірибелерге сүйенсек, Франция, Жапония, Қытай сынды «жасыл экономика» қағидаттарын ұстанған мемлекеттерде тұрмыстық қалдықтар – табыс көзі. Бұл елдерде үйіліп жатқан қоқыс үйінділерінен түрлі бұйымдар шығарылып, күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдер төрткүл дүниеге таралады. Жаһандану жайлаған қоғамда табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта ластанғандықтан адамзат үшін «жасыл экономикаға» көшу міндетті болып отыр. Қоқыс – адамзат бар да таусылмайтын қор. Осы шикізат көзін тиімді пайдаланып, ұқсата білу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – сіз бен біздің міндетіміз.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ