©
Әлемнің дамыған елдерінде кең етек жайған кәсіпкерліктің қарқынын біздің елге жеткізуге бағыттаған Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы кәсіпкерліктің көкжиегін көтеруге басымдық берді. Бүгінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау, жеңілдетілген несие, кәсіпкерлікті дамыту қорларының көмегі, арнайы қабылданған бағдарламалардың шапағаты тиіп, бизнестің өркендеуіне кең өріс ашылып отыр. Өлкемізде кәсіпкерліктің көсегесін көгертіп, шағын және орта бизнестің бойына қан жүгіртетіндей қауқары бар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы қол жеткен табыстарды қорытындылап, келер жылдың еншісіндегі жоспарлар мен міндеттерді нақтылады. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің керегесін кеңейтуге, бизнестің буынын бекітуге кедергі келтірген мәселелер де жиынға өзек болды. Кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында өткен есеп беру жиынына облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, бірқатар облыстық басқарма басшылары, қалалық бөлім басшылары, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында алғы сөз алған аймақ басшысы Алик Серікұлы экономикалық тұрақсыздық уақытында облыс әкімдігі мен бизнес қауымдастық бірлесе жұмыс жасау керектігін айтты. Мемлекет тарапынан үнемі қолдауға ие барша кәсіпкерлерді Маңғыстау экономикалық кеңесінде жұмыс жасауға шақырып, дағдарысты бірге еңсеруге үндеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Жаңбырбай Доспаев жыл басынан бері атқарылған жұмыс, кәсіпкерлер құқын қорғау, әкімшілік кедергілермен күрес және өңір кәсіпкерлігін дамытуда қолға алынған шаралардан хабардар етті.
-Есепті мерзімде кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 79 арыз-шағым түсіп, оның 41-і шешімін тауып, 194 бизнес субъектісіне кеңес берілді. Кәсіпкерлер палатасының сарапшы- заңгерлері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында 20 сот отырысына қатысқан. Барлығы 38 талап-арыз жобалары, аппеляциялық, кассациялық және қадағалау шағымы, өзге де арыздар мен өтініш хаттар дайындалып, мемлекеттік органдарға 118 хат жолданды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын анықтау мақсатында екі кезеңнен тұратын қоғамдық мониторинг өткізілді. Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша кеңестің 3 отырыс өтіп, бірқатар органдарға қатысты айтылған шағымдардың оң шешімі табылды. Шағын және орта бизнес өкілдерінен түсетін шағымдардың дені жер учаскесіне қатысты болып отыр. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 48 жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек, палатаның аудандағы филиалдарымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнес өкілдерінің 121 жобасы жүзеге асты.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млрд. теңге болатын 52 жоба мақұлданып, мемлекеттік қолдаудың сомасы 270,6 млн. теңгені құрады. Сондай-ақ, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 600 млн. теңгені құрайтын 20 жоба қолдау тапты. Ал «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» аясында жалпы сомасы 130,6 млн. теңгені құрайтын 49 шағын несие берілді. Бизнесті сервистік қолдау аясында Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгінген 937 кәсіпкерге тегін қызмет көрсетілді», - деген Жаңбырбай Сұлтанұлы келер жылдың еншісіндегі міндеттерді түйіндеп өтті. Оның айтуынша, 2016 жылы кәсіпкерлердің бизнес-жобаларын несиелеу және рұқсат қағаздарын алуға көмектесу, инвесторларға алаңқай құру және туризмді дамыту бойынша сараптамалық-жобалық орталық ашу, шағын бизнеске арналған 100 жоба кітабы аясында туризмге арналған арнайы кітап шағыру, «Egov» үлгісі ретінде кәсіпкерлерге электронды қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді қолдау және баға тұрақтылығын сақтау мақсатында жергілікті өнімдер сатуға арналған арнайы базар ашу, тың бизнес- жобаларды жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлердің халықаралық форумын өткізу, аймағымызға инвестиция тартуды көздей отырып, халықаралық инвестициялық форум өткізу жоспарға қойылған.
«Маңғыстау облысында 48 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелсе, оның 10 мыңнан астамын әйелдер басқарады. Әйелдер қауымының экономикадағы белсенділігі 55,1%- ды құрайды. Олардың басым көпшілігі сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс жасайды. Аудандарды аралағанда әйелдер жеке кәсіпкерлікті қалай ашу керектігін білмейтініне, бизнес әлемінен хабары жоқтығына, бухгалтерлік есеп жүргізуден жүрексінетініне көз жеткіздім. Ал қазір шағын бизнесте жүрген әйелдер қаржы, білікті мамандар жетіспеушілігін сезініп, несиелендіру жүйесіндегі қиыншылықтарға кезіккен. Іскер әйелдер кеңесінің стратегиялық бағыты- өлкемізде кәсіпкер әйелдердің санын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады», - деген кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Салихова республикалық маңыздағы «Ақтау-Атырау» автокөлік жолының бойында қызмет көрсету нысандарын ашуды ұсыныс етті.
Жиын барысында кәсіпкерлер көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныс- пікірлерін жеткізді. Қалада «Дарын», «Бақыт», «Жақсым» жеке меншік балабақшаларын ашып отырған кәсіпкерлер маусым айынан бері мемлекеттен жәрдем ақша ала алмай отырғанын және негізсіз тексерістердің көбейіп кеткенін жеткізді. Маңғыстау политехникалық колледжі директорының орынбасары Насуха Байпақов халықаралық стандарттарға сай келетін колледждің өлкедегі кәсіпорындарда қызмет ететін түлектерін «World Skills» бағдарламасы бойынша өтетін халықаралық жарысқа қатыстыруға көмек сұрады.
Бұл сауалдарға жауап берген облыс әкімі Алик Айдарбаев аталған мәселелер оң шешімін табатынын айтты. Есеп беру жиынан кейін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Жаңбырбай Доспаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.
- Бізге келіп түскен арыз-шағымның 50 пайызы жер теліміне қатысты болып отыр. Осы мәселеге қатысты қала әкімдігіне жерге аукцион өткізуге ұсыныс бердік. Қазіргі уақытта құжаттары дайындалуда. Құжаттар толықтай дайын болғаннан кейін жыл аяғына дейін өткізілетін аукционға барлық кәсіпкерлер қатысып, жер телімін алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта жаңа жобалары бар, жұмыс орындарын ашсқысы келетін кәсіпкерлерге арнайы экономикалық аймақтан жер телімі беріліп жатыр. Сол аумақта кәсібін ашқан кәсіпкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Биыл жыл аяғына дейін «Берекет-Ф» ЖШС макарон өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр, - дейді Жаңбырбай Сұлтанұлы.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ