Өткен сенбі күні «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС қарасты құрылымдарға жаңа көліктер берілді. Салтанатты шараға серіктестіктің бас директоры Серік Кеулімжаев, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Бердіғали Сүгіров, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Марат Темірқасов және басқа да басшылар мен қызметкерлер қатысты.
Салтанатты сәтте «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директоры Серік Кеулімжаев ұжымды айтулы жаңалықпен құттықтап, Маңғыстау, Бозашы, Жетібай технологиялық көлік басқармаларына жаңа көліктердің кілтін табыстады. Аталған көлік басқармалары өкілдеріне 43 көлік (автобус, самосвал, жартылай тіркемелі және жүк көліктері) берілді.
–Бүгін көптен күткен қуанышты жағдай орын алып, ұжымымыз мәре-сәре болып жатыр. Біздің басқармада бұрын 257 техника болса, бүгін тағы 8 техника берілді. «Қазмұнайгаздың» қолдауымен, басшыларымыздың осы іске білек сыбана кірісуінің нәтижесінде техникаларымыз толықты. Тапсырыс берушілердің жұмысын дер кезінде, сапалы орындауға мол мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта автобус көліктері әкелінеді деп күтіп отырмыз. Жаңа көліктерді жүргізушілер игілікке қолданып, күтіп пайдаланады деген сенімдемін, – деді Маңғыстау технологиялық көлік басқармасының пайдалану бөлімінің бастығы Әбимолла Бисенбаев.
«Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Бердіғали Сүгіровтің айтуынша, серіктестік биыл 2 миллионнан астам машина сағатты орындауды жоспарлаған. Осы жылдың алғашқы 6 айынының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштің жартысы орындалған. Транспорттық қызмет көрсететін серіктестіке бүгінде 2500-дей адам жұмыс жасайды. Мұндағы 1000-ға жуық техниканың 30 пайызға жуығы ескірген. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ көмегімен жыл аяғына дейін тағы 67 көлік алу жоспарланған.
Жаңа көлік мінген жүргізушілер Маңғыстау, Бозашы, Жетібай технологиялық көлік басқармаларындағы жұмысына жол тартты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30985,30986,30987,30983,30982"]