Мұнайдың құнына қарай бензиннің де бағасы арзан болуы тиіс. Кеше депуттар Экономика министрінен қара алтын мен жанармай бағасын теңестіруді талап етті. Алайда Досаев халық қалаулыларының бұл пікірін мүлдем қолдамады. Министрдің пікірінше, теңге мың құбылып тұрған кезде жанармайдың бағасын қымбаттатпай, тұрақты ұстап тұрудың өзі ерлік екен.
Мұны естіп, ашуға булыққан мәжілісмендер, тіпті, әлемдегі ең ірі мұнай және газ кені «Қашаған» жобасын тоқтату керек деп отыр.
Негізі Ерболат Досаев депутаттарға Үкіметтің дағдарысқа қарсы дайындаған бағдарламасын таныстыруға келген. Бірақ мәжілісмендерді жаттанды жоспарға қарағанда экономиканы құлдыратып жіберген мұнай мен бензин бағасы қызықтырды.
«Біз үкіметке тез арада баға саясатын шешуге мүмкіндік бердік. Бірақ, бензиннің құнына қатысты мәселе әлі сол күйде тұр. Мұнай төмендеп жатыр. Ал жанармай бағасының арзандайтын түрі жоқ», - деп бастады Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев.
Қазір жұрт жиі тұтынатын АИ-92 126 теңге тұрады. Үкімет бағаны еркіндікке жібергелі жанармай бір тиын да арзандамаған. Экономика министрінің айтуынша, қазіргідей ұлттық валюта мың құбылып тұрған тұста бензинді тұрақты ұстап отыру Үкіметтің үлкен жетістігі екен. Бұдан кейін депутаттар Досаевтан басталмай жатып апаттан көз ашпаған «Қашаған» мұнай кен орнындағы жұмысты мүлдем тоқтатуды сұрады.
«Мұнай бағасы күн сайын құлдырап жатыр. Жалпы, «Қашаған» жобасын жалғастырудың қажеті бар ма?», - деп сұрады Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.
Депутаттар қанша күмәнданса да, «Қашағандағы» жұмыс тоқтамайды деді Досаев. Бұл жоба елімізге сырттан инвестиция тарту үшін өте тиімді екен.
«Қашағанды» консорциум қаржыландырып отыр. Біз қазір кестеден бұрын келеміз. Желтоқсанның соңына дейін сынама ретінде мұнай бұрғылау басталады. Жоба 2017 жылы толық іске қосылады», - деп жауап берді ҚР Ұлттық экономка министрі.
Мұнай бағасына алаңдаған мәжілісмендерге Үкіметтің дағдарысқа қарсы дайындаған бағдарламасы да ұнамады.
«Бізде көбінесе делдалдарға, сауда-саттықпен айналысатындарға көмектесеміз, банкілерге көмектесеміз, қаржы ұйымдарына көмектесеміз. Ал, керісінше, өндіріспен айналысатындарға көмектесе алмай отырмыз. Осы бағытты қолға алуымыз керек», - деген пікірін білдірді мәжілісмен Нұртай Сабильянов.
Жалпы, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы бес негізгі бағыт бойынша және экономикаға несие тарту үшін жұмыс істейді.
Әсіресе, кәсіпкерлікті қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінбек. Үкімет шағын және орта бизнеске халықаралық қаржы ұйымдарынан 65 миллиард теңге несие аламыз деп отыр. Сондай-ақ, санаулы күнде жекеменшікке берілетін компаниялардың тізімі жарияланады екен. Пайдасынан шығыны көп 7 мың мемлекеттік мекеме сатылады. Олардың басым бөлігі «Самұрық қазына», «Бәйтерек», «Қазагро» холдингтеріне қарасты компаниялар.
BAQ.kz