Мән-маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық маңызды шараның салтанатты ашылуынан кейін 10-маусым күні «Нұр әлем» шарындағы Ұлттық павильон мен көрмеге қатысушы мемлекеттердің павильондары келушілерге есігін айқара ашты. Алыс-жақыннан келген мемлекеттер орналасқан әрбір нысанның сыртқы көрінісі, безендірілуі қай елдікі екенінен хабар беріп тұр. Көрменің алғашқы күнінде таңғажайыптарды тамашалауға асыққан отандық және шетелдік туристер павильондардың ашылу рәсіміне қатысып, әлемнің түкпір- түкпір елдеріне саяхаттады. ЭКСПО қалашығындағы менмұндалап тұрған «Нұр әлем» шарында орналасқан Қазақстанның павильоны салт- дәстүрімізден, ғылым мен білімнің дамуынан, инновацияның игілігі мен техниканың жетістігінен сыр шертеді. Әсем де айшықты бедерленген алғашқы қабатта ұлтымыздың ұстыны болатын құндылықтарымыз бен жәдігерлеріміз қойылған. Келушілердің назарын еріксіз аударатын отандық ғалымдардың жобалары сандық форматта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен мағлұмат береді. Су, жел, күн, ғарыш, биомасса және кинетикалық энергияға арналған соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған қабаттарға бас сұққанда әрқайсысының әсерін сезініп, технологиялардың тегеурініне тәнті боласың. Ең жоғарғы 8-қабаты Астана қаласының болашаққа алған бағытын бейнелеп, жобалардың қалай жүзеге асатынын бедерлейді. –Бұл әлемдегі ең үлкен сфералық ғимараттың диаметрі – 80 метр, биіктігі – 100 метр. Еш бұрышсыз шар үлгісінде құрастырылған нысанға 13 мың тоннадан астам шыны пайдаланылды. Мұнда 126 мың шам бар. Шыныдан жасалған ғимараттағы көріністің бәрі адамзаттың энергия көздерін іздеп, табиғат байлықтарын барынша сақтауға деген құлшынысын, ғалымдардың ойлап тапқан жобаларын кездестіруге болады. Көрме өткеннен кейін осы нысан инновациялық хаб әрі маңызды зерттеу және мәдени орталыққа айналады, – деді «Астана ЭКСПО– 2017» ҰК» АҚ контент және іс- шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров. ЭКСПО қалашығындағы Түрікменстан мемлекетінің павильонының ашылуына осы мемлекеттің президенті Гурбангулы Бердымұхамедов қатысып, көрменің ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, екі елдің арасындағы достық қарым- қатынас нығайып, байланыс кеңейе түсетінін жеткізді. Қазақстан Республикасы Премьер- министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы теміржолдың келешегі зор екенін айтып, павильонның жұмысына сәттілік тіледі. Түрікменстан мемлекетінің павильонында келушілерге бу- газды электр стансасы таныстырылды. Бұл стансадағы газ және бу турбиналары мен қазандық табиғи газды үнемдеуге және оның қалдықтарының көлемін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы ел малдың тезегін өңдеп, кәдеге асыратын, ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған гелиобиологиялық кешеннің жобасын ұсынды. Аумағы жағынан үлкен павильонда ұлттық жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар, Гиндикуш су электр стансасының макеті қойылған. Бұл павильонды тамашалаушылар естелік сыйлықтарға қызығушылық танытып, сатып алып жатты. Әзірбайжан мемлекетінің павильонының кіреберісінде елдің табиғаты шынылармен әсем безендірілген. Кең нысанда сарқырама ағыны, жел мен күннен қуат алатын гибридті панель, жылу мен энергия бөлетін мақта тектес өсімдік, балшықты жанартау созық үлгідегі құрал- жабдықтармен шынайы бейнеленген. Келушілер 3 д форматында үлкен экраннан Әзірбайжанның мемлекеті туралы мол мағлұмат алып, көрікті жерлерін, тарихи орындарын тамашалауда. –Біздің елімізге саяхаттауға келетін туристердің көбі көрікті орындардың ішінде сарқырамаларға қызығады. Сондықтан көрмеде әдемі сарқырамамыздың шағын көрінісін осылай көрсеттік. Сондай-ақ мемлекетімізде 100-ден аса балшықты жанартау бар. Сағатына 250 Вт қуат көзін беретін гибридті панельді мемлекетіміздің алыс аудан-ауылдарына орнатуды жоспарлап отырмыз. Мақта тектес өсімдік жаңа технологиялардың көмегімен өңделгеннен кейін үйлерге жылу мен жарық таратады. Отандық ғалымдарымыздың ойлап тапқан жобалары тәжірибелік сынақтан сәтті өтіп, тиімділігі дәлелденсе, іске асыру қолға алынады, – деді Әзірбайжан мемлекетінің өкілі. Көрмеге келушілер «жасыл» экономикаға қадам басқан әртүрлі мемлекеттердің павильондарына кіріп, энергия көздерін дамытуға, тиімділігін арттыруға бағытталған стратегияларымен, бағдарламаларымен танысты. Күн, жер, жел, теңіз сынды бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда қолданылатын техникалар меен құрал- жабдықтардың мүмкіндіктерін көзбен көрді. –Көптен күткен көрмені тамашалауға отбасымызбен келдік. Әр мемлекеттің павильонына кірген сайын сол елге барғандай әсер алдым. Мәселен, маған ерекше табиғаты бар, бай-қуатты елдердің біріне айналған Біріккен Араб Әмірлігіне саяхаттау қатты ұнады. Өркениетті елдердің көшіне ілескен АҚШ, Жапония, Корея, Германия сынды елдермен қатар Ватикан, Сербия сынды мемлекеттердің де павиьлондарын араладым. Дамыған және дамушы мемлекеттердің жетістіктері мен жаңалықтарын салыстырдым. Барлығын бейбітшілікте өмір сүру, сарқылып бара жатқан табиғат кеніштерін ұтымды пайдалану, жерді аялау, келер ұрпақтың қамын ойлау сынды бір мүдде, бір мақсат біріктіреді. Көрмені бір күнде аралау мүмкін емес болғандықтан, алдағы уақытта тағы келіп тамашалаймын, – деді Астана қаласының тұрғыны Назерке Жұмабай.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ