ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» жоспарын іске асыру мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарында «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданып, күшіне енді. Бұл Заңның және кеңестің негізгі қызметі мемлекеттік ұйымдардың шешімдер қабылдауына қоғамдық институттардың және азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңда кеңесті құру механизмі қарастырылған. Қоғамдық кеңес қызметінің мерзімі, кеңес мүшелігіне ұсынылатын кандидаттарға қойылатын талаптар анықталған. Қоғамдық кеңестер жергілікті деңгейде жергілікті өкілетті орган – мәслихат басшысы басқаратын жұмыс топтарымен конкурстық негізде қалыптасады.
Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіруі болып табылады. Қоғамдық кеңестер қызметі бес қағидат негізінде жүзеге асады: қоғамдық негіздегі, автономдық, дербестік, жариялық, ашықтық және кеңес мүшелерін кезең кезеңімен ротациялау.
Бейнеу аудандық мәслихатының 2016 жылғы 28 қаңтардағы №41/287 шешімімен ұсынылған саны 11 адамнан тұратын аудандық мәслихат депутаттары Қоғамдық кеңестің құрамын мақұладады. Кеңес құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері 9%, білім саласы өкілдері 27,5%, газ тасымалы саласының өкілдері 9%, темір жол саласының өкілдері 9%, денсаулық сақтау саласының өкілдері 9%, мәдениет саласының өкілдері 9%, кәсіпкерлік саласы 27,5% құрайды. Қоғамдық кеңес құрамын аудандағы барлық сала өкілдерінің болуын басты назарда ұстады. Бұл аудан тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Ұйымдастыру отырысында Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, хатшысы мен төралқа мүшелері сайланды.
Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңесінің жұмысы 1 жылға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі. Кеңес отырысына аудан тұрғындарын толғандырған мәселелер енгізілді: жер реформасы бойынша облыстық комиссиямен қаралатын мәселелер туралы, полицияның жұмыстары туралы жергілікті атқарушы органдармен жүргізілетін жұмыстар туралы.
«Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 18-бабына сәйкес Қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылауды жария рәсімі арқылы жүзеге асырады. Қоғамдық бақылаудың негізгі нысандары: қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама, сондай-ақ Қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау болып табылады.
Қоғамдық кеңестің ұстанымдары ҚР заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.
Қоғамдық кеңес жыл қорытындысы бойынша 26 отырыс өткізді. Сонымен қатар әкімдіктің және мәслихаттың 25 нормативтік құқықтық актілері ұсынылып, барлығына қорытынды жауап берілді.
Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыты – мемлекеттік орган басшыларының жұмыс нәтижелері туралы есептерін тыңдау болып табылады. «2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы» аудан әкімінің есебі тыңдалды. Тыңдауға аудандық мәслихаттың депутаттары, қоғам мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. Жер реформасына қатысты мәселелерді талқылау, оларды саралау және түсіндірме беру жөнінде 6 маусым күні Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің бірінші орынбасары, облыстық және аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аудан белсенділері, әртүрлі сала басшылары мен қызметкерлері, БАҚ өкілдері және село тұрғындары қатысты. Баяндама бойынша ескертулер мен ұсыныстар қорытынды хаттамада жинақталып, жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.
Бір жылға бекітілген жоспарға сәйкес, аудандық денсаулық сақтау саласының, жергілікті полиция басшысының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды.
Қазан айында Денсаулық сақтау саласының 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы тыңдалып, талқыланды. Отырыс соңында Қоғамдық кеңес төрағасы тиісті шешім қабылдап, Бейнеу аудандық денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі Н.Бегадиловаға әртүрлі аурулардың өсімін азайту үшін сараптама жасап, 2017 жылға жоспар жасақтап Қоғамдық кеңеске жолдауды тапсырды.
18 қазанда «Бейнеу аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің және «Бейнеу аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 9 айда атқарған жұмыстарының есептері тыңдалды. Баяндама бойынша ескертулер мен ұсыныстар қорытынды хаттамада жинақталып, жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.
20 қазанда Жергілікті полицияның есебі туралы Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Бейнеу аудандық ІІБ ЖПҚ бастығы, полиция подполковнигі Н.Борановтың атқарған жұмыстарына Қанағаттандырарлық деген баға берілді. Сонымен қатар Қоғамдық кеңес төрағасы Ш.Азанов тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, Н.Борановқа ауылдық елді мекендерде етек алып келе жатқан мал ұрлығының алдын алып, қадағалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
24 қарашада село әкімі Ж.Оспановтың есебі тыңдалды. Қоғамдық кеңес мүшелері село әкіміне өз ұсыныстарын мен пікірлерін айтып, оң бағаларын берді.
29 қарашада Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы болды. Мұнда жергілікті полицияның 10 айда атқарған жұмыстары талқыланды және Маңғыстау облыстық ІІД ЖПҚ бастығы, полиция полковнигі А.Халмұрадовтың Бейнеу тұрғындары алдындағы баяндамасы тыңдалды. Аудан тұрғындары алдында Маңғыстау облыстық ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А.Отешов баяндама жасады. Отырыс соңында Бейнеу аудандық ІІБ ЖПҚ бастығы, полиция подполковнигі Н.Борановқа аудандағы тәртіп бұзушылықтың алдын алып, қадағалау тапсырылды. Ал, Маңғыстау облыстық ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А.Отешовке жергілікті учаскелік полиция инспекторларын қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету және штаттық бірлікті көбейту жөнінде ұсыныс берілді.
Жыл ішінде Қоғамдық кеңестің мүшелігінен өз өтінішімен екі адам мүшеліктен шығарылып, орнына конкурс жарияланып, жаңа мүшелікке екі адам қабылданды.
Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңесі 2016 жылы 25 мәселе қарап, тиісті шешім қабылдап, өз ұсыныстарын берді. Қазіргі таңда тиісті мекемелер берілген ұсынысты орындау мақсатында іс-шара жоспарын қабылдап, жұмыс жүргізуде. Қаралған мәселелер қадағалауға алынды.
Ауданның Қоғамдық кеңесі жүргізген барлық жұмыстары аудандық БАҚ-та жарыққа шығарылады, сондай-ақ аудандық әкімдіктің ресми сайтында «Қоғамдық кеңес» атты арнайы айдары жұмыс істейді.
Қоғамдық кеңестер азаматтық бағдарламаларды дамытудың негізгі институты болуы тиіс және барлық азаматтарды оларды толғандыратын өзекті мәселелер айтуға жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірлесіп және осы мәселелер бойынша шешу мәселелерін қарастыруға шақырамын.
Қоғамдық кеңес төрағасы мен кеңес мүшелері айына екі рет сейсенбі және жұма күндері Ұстаздар үйі, Қоғамдық кеңес кабинетінде азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді. Қабылдауға ниет еткен азаматтар алдын ала 2-18-49 номері арқылы жазыла алады.
Ш.Азанов Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы