Қарақия ауданында шаруа қожалық иелері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және ҚР вермифермерлер кооперациясын дамыту коорпорациясының өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдағы экономикалық және әлеуметтік мәселелер талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Әбдіқадыровтың қатысуымен өткен кездесудің мақсаты - егіншілік, фермерлік шаруашылықтарды дамытудың ең тиімді құралдарын қалыптастыру.
Кездесуде өсімдіктерге арналған органикалық тыңайтқыш-биогумус өндірісін бастау туралы да айтылды. Арнайы фермаларда жауын құрттарын өсіру бүгінде органикалық қалдықтарды жоюдың және тыңайтқыш алудың тиімді әдістерінің бірі болып саналады. Дайындалған субстрат топырақта ылғалды жақсы сақтайды.
-Мақсатымыз - тозығы жеткен жерлерді құнарландыруға атсалысып, калифорниялық қызыл жауын құрттары арқылы қалдықтарды қайта өңдеу, (қалған көкөністер, жемістер, дәндер, бау - бақша т.б.) табиғи тыңайтқыш биогумус өндіру. Биогумус - микро және макро элементтермен байытылған, 100% органикалық таза өнім. Егіннің барлық түріне қолданылатын табиғи теңдесі жоқ сапалы, химиялық қоспасыз тыңайтқыш, - деді ҚР вермифермерлер кооперацияларын дамыту комитетінің төрағасы Бақытжан Асембеков.
Ол корпорацияның осы салаға қызығушылық танытқан адамдарды оқытуға дайын екенін айтты.