© Egemen.kz
Бүгін – Халықаралық волонтерлер күні. Еріктіліктің қуаты мен әлеуетін атап өтетін мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы осыдан 38 жыл бұрын бекітті. Бүгінде алты құрлықтағы 8 миллиард адамның 1 миллиардқа жуығы –қоғамға мейірім сәулесін шашып жүрген волонтерлер. Бұл – үлкен күш. Қазақ елінде қанша волонтер бар? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
Абылайхан Әбдірәш – дәрігер-волонтер. Оның 2-курста университет жанынан құрған шағын студенттік кеңесі қазір «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне айналды. Қанатының астында 3 мыңнан аса волонтер бар. Ұйым елдегі 16 мыңнан аса мұқтаж жанға көмек қолын созып, денсаулық сақтау және халықтың медициналық сауатын арттыру мақсатында 250-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізген.
– Абай атамыз «Пайда ойлама, ар ойла» деген. Яғни әр азамат «Қоғамның дамуына қалай үлес қосамын?» деп ойланғаны абзал. Білетінімізді өзімізден кейінгі буынға үйретсек, адал еңбек етсек – арымыз да таза. Астана медицина университетінде оқып жүргенімде-ақ отандастарыма көмектесуді көздеген едім. Міне, волонтерлікпен айналысқаныма 8 жылдан асты. 2020 жылы басталған пандемия медицина мен денсаулық сақтау біздің елдің әрбір азаматы үшін ең маңызды салалар екенін көрсетті. Өкінішке қарай, елде медицина мамандары тапшы. Демек медициналық еріктілікті дамыту қажет. Әсіресе аймақтық денсаулық сақтау саласына сертификатталған медициналық волонтерлерді даярлау керек. Олар дәрігерлер мен медбикелердің көмекшілері ретінде науқастарға көмек көрсетіп, тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізе алады. Осылайша, елдің өркендеуіне аз да болса үлес қоса аламыз, – деді «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш.
Біздегі жанашырлардың жұртқа жасаған жақсылығы аз емес. Көбінің игі істері көзден таса қалады. Өз еркімен, жүрек қалауымен елге жәрдемдесіп жүрген жанның тағы бірі – Әсия Құлжанова. Алғаш облыстық «Қызыл Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінде жетекші болып, қиналғанға қол ұшын созған волонтер, қазір жеке топ құрып, халқымыздың қанында бар игі дәстүрді насихаттап жүр.
– Волонтерлік жолдағы игі істер халқымыздың бірлігін бекемдей түседі. Осы тұста үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттің қолдауы маңызды. Біз әлеуметтік осал топтар өкілдеріне тұрақты жәрдем беріп, жүздеген жанға көмек көрсеттік. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірнеше мәрте рейдке де шықтық. Бәрі волонтерлікті тегін қызмет, жәрдемдесу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат ерікті болып көмектесуі керек. Көмекке мұқтаж адамдар көп. Мәселе тек материалдық көмекте емес. Жылы сөз айтып, қиын сәтте қолдағаныңыздың өзі – қамқорлық. Күнделікті жұмыста «бәрі жақсы болады» деген бір ауыз сөзді естігісі келетіндер көп. Сондықтан «волонтерлер» деп жауапкершілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл барлығымыз бірге жұмыла істейтін жұмыс, – деді «Батыс» волонтерлік тобының жетекшісі Әсия Құлжанова.
Есеппен емес, қоғамға әлеуеті жеткенше көмектескендерді елеп-ескеріп, алғыс айтуды Президент те назардан тыс қалдырған емес. Маусым айында өткен Халықаралық волонтерлер форумында Мемлекет басшысы еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтып, волонтерлік пен қайырымдылық дәстүрін нығайту үшін бірнеше кешенді іс-шара қабылдауды ұсынған.
«Осы саладағы стратегиялық бағыттарды нақты көрсететін жаңа Жол картасын әзірлеу керек. Аталған құжат волонтерлік қозғалысқа тың серпін беріп, оның таяу жылдардағы дамуының басты бағыттарын айқындауға тиіс. Екіншіден, еріктілік пен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажет. Бұл бастама волонтерлік қозғалысты ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды. Төртіншіден, волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Бесіншіден, волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумда қаузалған тақырыптың бірі төтенше жағдай кезіндегі волонтерлерді сақтандыру мәселесі еді. Ұлттық волонтерлер желісінің атқарушы директорының орынбасары Айбек Досымбетовтің сөзінше, бүгінде «Волонтерлік қызмет туралы» заңға мемлекет тарапынан өзгерістер мен түзетулер енгізу көзделіп отыр.
– Қазір волонтерлікті дамыту жол картасы әзірленіп жатыр. Құжат 2024 жылдың басында қабылданады деген үміт бар. Министрлікке өз ұсыныстарымызды жеткіздік. Басты акцент – волонтерліктің түрлі салаларын дамытудың жүйесін жасақтау. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің аясында дәрігер волонтерлерді оқыту қолға алынбақшы. Осылайша, өзге де сала өкілдеріне арнайы тапсырма беріліп жатыр. Өздері оқытып, арнайы сертификаттарын тағайындайтын мүмкіндіктерді ойластырудамыз. Арасында студент волонтерлерге қандай көмек қарастырылуы керек деген сынды сауалдар жіті талданады. Сондай-ақ аудан, ауыл болсын республиканың түкпір-түкпіріндегі волонтерлік ұйымдардың кез келгені волонтерлік жобаны игеруге өтінім беру жағдайын, төтенше жағдай кезіндегі еріктілерге қызыл аймаққа кіріп, қызмет көрсете алатын арнайы куәлік беруді қарастырып жатырмыз, – деді ол.
Қазір елімізде 680 волонтерлік ұйым бар. Ал тұрақты волонтерлікпен айналысатын адамдар саны 160 мыңнан асып жығылады. Әрі барлық аймақта 20 фронт-офис жұмыс істеп тұр. Демек кез келген отандасымыз волонтерлер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады.
Зейін ЕРҒАЛИ
Egemen.kz