Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Құрметті маңғыстаулықтар, православ христиан дінінің өкілдері!
Сіздерді христиан дініндегі басты мейрамдардың бірі Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Рождество - қоғамның ертеден үзілмей келе жатқан рухани құндылықтары мен қалыптасқан сан ғасырлық адамгершілік қасиеттерін дәріптейтін үлкен мереке. Бұл мейрамда әрбір жанның бойындағы мейірімділік пен әділеттілік, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға даяр тұратын жомарттық сияқты асыл қасиеттер ерекше, әрі жарқын көрініс табады.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде, елімізде мекен ететін барша ұлттар мен халықтардың діні мен қалыптасқан конфессияларға құрмет көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бірлік пен ынтымақтастық, еңбекқорлық және білімге құштарлық, кәсібилік - бұл еліміздің нағыз азаматтары мен патриоттарының басты қасиеттері. Осы тұста, православ христиандары басқа дін өкілдері сияқты елдегі конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға, елімізді көркейтуге күн сайын өз үлестерін қосып келеді.
Рождество мерекесі құтты болсын, қымбатты Маңғыстау өңірінің тұрғындары! Осы жарқын мерекеде әрбіріңіздің жүрегіңізге мейірім мен махаббат тілеймін. Шаңырақтарыңыздан шаттық, татулық пен молшылық кетпесін”, делінген хабарламада.