«BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы 2023 жылдың 19 наурызы күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысы бойынша Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының сайлау учаскелерінде бақылаушылық жасайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Аумақтық бақылаушылар желісі жұмысы Ақтау қаласындағы штаб арқылы жүргізіледі. Бақылаушылар жұмысына азаматтық сектор мен ҮЕҰ желілерінен байқаушылар, белсенді жастар, жастар ұйымдарының басшыларын тарту көзделуде.
Байқаушылар алдымен сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы курстан өтеді. Оқыту ZOOM конференциясы және оффлайн кездесулер арқылы жүргізіледі.
Сайлау күні штаб қалалар бойынша сайлау учаскелеріндегі жағдайды баяндап, өңірлерден онлайн трансляциялар ұйымдастырады, әлеуметтік желілерде посттар мен бейнелерді жариялайды және тираждайды, жалған ақпараттарды анықтайды, ерекше жағдайларға түсініктеме береді, жалпы, дауыс беру барысы мен сайлау қорытындылары туралы қоғамдық пікір қалыптастырады.
Наурызбек Мағдатов,қалалық штаб үйлестірушісі:
Сайлауды бақылау – сайлау учаскесіндегі бір күндік әрекетпен шектелмейді. Азаматтар сайлауды бақылауға қатысу арқылы өздерінің азаматтық-саяси көзқарастарын қалыптастырады, жалпы Қазақстандағы сайлау жүйесін өзгертуге де үлестерін қоса алады.
Сайлаудағы қоғамдық бақылау, сайлау процесінің ақпараттық ашықтығын, сондай-ақ байқаушылар институтының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Дауыс беру кезіндегі азаматтық бақылау әлемнің көптеген елдерінде кең тараған үрдіс. Бұл сайлау процесінің ашықтығын көрсететін дәлелденген құрал.