Ақтау және Мұнайлы ауданында жастар арасындағы жұмыссыздық пайызын төмендету бағытында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шарада «Жастарға жұмыс» жобасы аясында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Маңғыстау облыстық филиалы 8 мекемемен жастарды жұмысқа орналастыру шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның ішінде өндірістік мекемелер, жеке кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар, ҚР шекара бақылау қызметтері және т.б. бар.
Меморандум 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруда әріптестік қатынасты орнатуға, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, жастар жұмыссыздығының көрсеткішін төмендетуге, тәжірибе алмасуға, кәсіптік бағдар беру және ақпараттық жұмыс жүргізуге бағытталған.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының жол картасындағы басты көрсеткіш - жастар арасындағы жұмыссыздықты жою. Алдағы уақытта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жалғасын табады.