15 тамызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтау халықаралық әуежайына апаратын жол учаскесінде сенбілік өтті. Оған 50-ге жуық адам қатысып, санитарлық тазалау жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
-Табиғатты аялаудың, тазалықты сақтаудың маңызын адам бойына сіңіруіміз керек. Қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуді ортақ іске айналдыру үшін осындай акцияларды жиі өткізіп, қатысушыларды көбірек тарту қажет, - дейді жастар жетекшісі Бақтияр Мақсатов.
Бұдан бөлек 19 а шағынауданында «Таза мектеп» эко-акциясы өтіп, оған білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен қала жастары қатысты. Акция жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін мектеп ғимаратының айналасында өтті. Сондай-ақ биыл пайдалануға берілетін Қызылтөбе ауылындағы тағы бір мектеп аумағында сенбілік ұйымдастырылды.
- Жаңа оқу жылы қарсаңында «Таза мектеп» экоакциясына қатыстық. Мұндай іс-шаралар балалар үшін қауіпсіз және жайлы оқу ортасын жасауға көмектеседі. Білім ошақтарының маңайындағы тазалық пен тәртіп тек сыртқы келбетті жақсартуға ғана емес, сонымен қатар оқушылардың қоршаған ортаға деген құрметін арттыруға да септігін тигізеді, - дейді Қызылтөбе ауылындағы №18 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Нұрмамедова.
Тамыз айының соңына дейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауында экоакция өткізуді жоспарлап отыр.