Маңғыстау облысында 17-19 сәуір аралығында мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің концерті өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Концерттік бағдарлама 18 сәуір күні сағат 18:00-де Ақтау қалалық «Абай» атындағы мәдени демалыс кешенінде, ал 19 сәуір күні сағат 15:00 мен 18:00-де Бейнеу ауданында орналасқан «Абыл» мәдениет үйінде өтеді.
“Биыл гастрольдік сапарымыз Маңғыстау өңірінен бастау алды. Концерттік бағдарламада көрерменге 14 би қойылымы ұсынылады. Оның 4-еуі қазақ ұлттық биі болса, өзге 10-ы әлем халықтары билері. Ансамбльдің шығармашылық репертуары «Қазақ өрнектері», «Жастық жалын», «Шашу», «Яблочка», «Чешский танец», «Қайран жиырма бес», «Татар биі», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Болгар биі», «Мейірім», «Еврей биі»,«Ғажайып тылсым», «Иран биі», «Ел салтанаты» билерімен толықтырылған. Сонымен қатар, концерт барысында қазақы нақышы қанық ұлттық киім үлгілерін, әлем халықтарына тән көз жауын алатын сахналық костюмдерді тамашалау мүмкіндігі бар”, - деді Елубай Кенжалиев.
Сондай-ақ, брифингте «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген гастрольдік сапарға аттанған би ұжымында 40-қа жуық өнерпаз бар екендігін айтты.
“Ұлт мәдениетін ұлықтауда қазақ би өнерінің көсегесін көгертуде сүбелі үлес қосқан таланттар ізін жалғап, өміршең мұрасын өскелең өрендерге өсиеттеу мақсатында ұйымдастырған концертте бишілермен қоса, Алматы қаласынан арнайы келген күйшілер мен мәнерлеп өлең оқу шеберлері де өнер көрсетеді. Шығармашылық концерттің көрермен көзайымына айналары сөзсіз”, - деді Қуанышбек Төлеген.