5 шілдеден бастап «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-нің жерасты ұңғымаларды және күрделі жөндеу қызметінің 36 қызметкері жалақыны көтеруді талап етуде. Сол күні қызметкерлер «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС («ММС» ЖШС) басшылығына жүгініп,жалақы көтеру және жерасты ұңғымаларды жөндеу қызметіне ауысу туралы талап қойды. Бірақ бұл уақытта компанияның «Теңге Ойл Газ» ЖШС-нен күрделі жөндеу жүргізу бойынша алған жұмыс көлемі аяқталған. Жалпы компанияда 36 адам жұмыс істеген.
ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс беруші келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты қызметкерлерге еңбек міндеттемелерінің бұзылғаны туралы хабарлама жолдады.
Дегенмен компания жұмыс орындарын сақтау мақсатында басқа жұмыс көлемін тарту бойынша түрлі жолдарды қарастырды.
Нәтижесінде, «ММС» ЖШС басшылығы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тапсырысы бойынша «Жетібай» кен орнында ФЛС (Ұңғымаларды физикалық жою) бойынша жұмыстар жүргізуге тендерді жеңіп алды.
Бұл жұмыстарды жүргізу үшін «Мөлдір Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС (ММС ЛТД) құрылды. Онда 130 қызметкерді жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Босап қалған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында («Теңге Ойл Газ» ЖШС тапсырыс көлемін іске асырған 36 адам) оларға жалақысын сақтай отырып, бірден «ММС ЛТД» ЖШС-не ауысу ұсынылды.
Алайда, қызметкерлер бұл ұсынысты қабылдамады және олар қазіргі уақытта бос штат бірліктері жоқ жерасты ұңғымаларды жөндеу қызметіне ауыстыруды талап етті.
Бұдан әрі, қызметкерлер 17 шілдеде мемлекеттік органдарға (ҚМ еңбек инспекциясы басқармасына) еңбекақы төлеу бойынша заңбұзушылықтардың бар-жоғын тексеруді өтінді. «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС қызметін тексеру қорытындысы бойынша қызметкерлердің өтінішіне сәйкес еңбекақы төлеу бойынша кемсітушіліктердің жоқ екені анықталды.
Қызметкерлер облыс және мемлекет басшысының атына бірнеше бейнеүндеу жолдады.
Жағдайды реттеу мақсатында шілде және тамыз айларында ЖШС басшылығы облыстық кәсіподақтар орталығымен, Жаңаөзен қаласының прокуратурасымен, Жаңаөзен қаласының әкімдігімен бірлесіп күн сайын келіссөздер жүргізді.
Бұдан басқа, аталған мәселе облыс әкімінің орынбасары Қ. Құлжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік және еңбек жанжалдарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында қаралды.
Сондай-ақ, 1 тамызда облыстық Кәсіподақтар орталығының алаңында «ҚазМұнайГаз» АҚ, облыстық прокуратура және облыс әкімдігі өкілдерінің қатысуымен «ММС» ЖШС қызметкерлерімен және басшылығымен осы дауды шешу жолдары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша қызметкерлердің бұрынғы жұмыс орнында қалуға деген ұмтылысын ескере отырып, оларға жалақысын сақтай отырып,«Жетібай» кен орнындағы ФЛС бойынша көлемді іске асыру үшін «ММС» ЖШС-де қалу ұсынылды.
Бірақ бұл ұсыныс жұмысшылардың талқылауынан кейін де қабылданбады.
Қазіргі уақытта қызметкерлер «ММС»ЖШС кеңсесінің алдында наразылық білдіріп, жаңа талаптар қоюда. Атап айтқанда жалақыны көтеру, оларды «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға ауыстырып алгоритмге енгізу, жұмыс көлемі аяқталған жағдайда да тұрақты жұмыспен қамту және т. б.
«Мөлдір Мұнай Сервис»ЖШС басшылығы ереуілге шыққан қызметкерлердің талаптарын орындауға мүмкіндігі жоқ екенін және талаптардың бір бөлігі ЖШС құзыретіне кірмейтінін хабарлайды. Жұмысшылар қудалау мен қысымға ұшыраған жоқ және бұған жол берілмейді.
Жерасты ұңғымалары жөндеу қызметіне жұмысқа ауысу талқыланбайды, өйткені бұл бағытта қосымша штаттық бірліктерді ашу үшін қосымша жұмыс көлемі жоқ.
Сондай-ақ, ереуілге шыққан қызметкерлерді, ұсынылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, ЖШС басшылығы жұмыссыз азаматтар қатарындағы адамдарды бос жұмыс орындарына шақыру құқығын өзіне қалдырады.
Заңсыз наразылық акциясын тоқтатуға және ЖШС ұсынысын қабылдауға шақырамыз. Біз сондай – ақ сіздің әл-ауқатыңызға және компанияның дамуына мүдделіміз. Біз компанияны дамытуға бірге күш салуымыз керек. «Табысты компания - мықты ұжымнан құралады».
«Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС