8 қыркүйек күні Астана қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Марапатталғандардың қатарында маңғыстаулық Тамтеміровтер отбасы да бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, өнегелі отбасыларды дәріптеуге бағытталған бұл байқауға биыл 10 жыл. Мерейтойлық шарада еліміздің әр өңірінен келген өнегелі, тәрбиелі, кәсібі мен нәсібі жарасқан 20 отбасы лауреат атағын иеленді. Жеңімпаз отбасылар қатарында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сыңғырлау ауылының Тастеміровтер әулеті бар.
Тастеміровтер отбасы 13 бала, 45 немере, 58 шөбере өсіріп отырған аудан тұрғындарының, көрші-көлемнің құрметіне бөленген, сыйлы, ынтымағы жарасқан үлкен қара шаңырақ. Отағасы Шалабай ақсақал 94 жаста, «Еңбек ері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс жүлдегері. Отанасы Өріс 85 жаста, көпбалалы алтын құрсақты ана. 1985 жылдан бастап киіз үй жасау кәсібімен айналысқан. Оның 7 қанат ақ үйі еліміздің 21 өңірінде тігілген. Бүгінде балалары еңбекқор ата-анасының жолын жалғаған жоғары білімді, әр саланың білікті мамандары.
Отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылған шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева байқау жеңімпаздарына мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Жеңімпаз отбасылар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Шара соңы қазақ эстрада жұлдыздарының ән кешіне ұласты.
Айта кетейік, аталған байқауда Бейнеу ауданының отбасылары 3 мәрте қатарынан облыстық кезеңде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңнің лауреаттары атанды.