Орал қаласының тұрғын Данагүл Бекесова маңғыстаулық сатушыдан 62 миллион теңгеге ыдыс-аяқ аламын деп алданып қалған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Данагүл Бекесованың айтуынша маңғыстаулық Нұргүл есімді әйел Whatsapp мессенджерінен топ құрып, ыдыс-аяқ пен техниканы саудалаған. Ал Данагүл Бекесова сол топтағы түрлі тауарды өз таныстарына ұсынып, 2021 жылдан бері 62 миллион теңгеге тапсырыс беріпті. Сондай-ақ, жәбірленушінің сөзінше оған бағалы ыдыс-аяқ пен техникалар арзан бағада Қытай елінен жеткізілетінін айтыпты. Алайда бүгінге дейін бірде бір тауар қолыма тимеді дейді ол.
- Арзан тауарлар бар деді, мен соны сату үшін тапсырыс берушілерді өз тобымнан жинадым. 100 мың теңгенің тауарын 5 мың теңгеге ұсынды. Сондай заттарды 300-500 данадан тапсырыс бердік. Менің жинаған тапсырысым аз сома емес, 62 миллион теңге. Ал менің артымда біраз адам тұр. Олардың ішінде өзіме қол жұмсаймын деп жатқандар да бар. Мұны тапсырыс қабылдаған Нұргүл деген әйелдің өзі түсінбейді. «Ертең, бүгін» деп тойдырып келе жатқанына да бір жыл болды, - дейді Данагүл Бекесова.
Сөзіне сенсек, қыруар қаржыға тапсырыс беріп, тауарын ала алмай отырған жалғыз Данагүл емес. Бағасы арзан, сапасы маржан тауар аламын деп жүріп алаяққа тап болдық дегендер полицияға арызданғанын айтады.
Редакция бұл жағдайға қатысты өңірдің полиция департаментінен ресми жауап күтіп отыр.