Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен өңірде алғаш рет өндірістік кәсіпорындар жанындағы жас мамандар арасында «Qazaqsha quiz» зияткерлік сайысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты жастар басқармасына сілтеме жасап.
Шараның мақсаты - аймақтағы өндірістік кәсіпорындағы жас мамандар кеңесінің жұмысын жандандыру, қауымдастығын қалыптастыру арқылы олардың азаматтық белсенділігін дамыту.
Зияткерлік сайысқа «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазПошта» АҚ, «ҚазТеңізТрансФлот» ұлттық теңіз кеме жасау компаниясы» ЖШС, «Ақтау теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ, «Маңғыстау энерго мұнай» ЖШС, «Ойл Tранспорт Kорпорейшэн» ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС жанынан құралған жас мамандар кеңесінің 100-ге жуық жас маманы қатысты.
Жалпы 24 команда 6 кезең бойынша сынға түсті. Нәтижесінде «Қаражанбасмұнай» АҚ командасы топ жарып, І орын иеленді. «КазТрансОйл» АҚ командасы ІІ орынға, ал «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ ІІІ орынға ие болды.
Айта кетейік, аталған іс-шара «Риза-ана» қоғамдық қоры Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырды.