Көзін тапқанға кәсіптің түр-түрі бар. Себебі қазір мемлекет қолынан іс келетін жандарды демеп жіберуге дайын. Сондықтан болар, аталған саланың тамырына қан жүгіріп, еліміздің негізгі демеуші, қолдаушы күшіне айналып келеді. Қазіргі уақытта кішкентай кәсіптен басталған істің уақыт өте үлкен жобаға айналып кетуіне мүмкіндік мол. Сол мүмкіндікті пайдаланып, ертеңін бүгіннен бастап жатқан жас кәсіпкерлер қатары ауданымызда көбейіп келеді.
Кез келген істе тұрақтылық пен жұмысқа деген сүйіспеншілік аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі. Ең бастысы ешкімге алақан жаймай, бұйырған несібемді тауып жүрмін, - дейді бүгінгі кейіпкеріміз Ақыл Төре.
Ақыл үшін тігіншілік өнер таңсық емес. Бұрын бос уақытында айналысатын сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыруға мемлекеттік грант септігін тигізген. Аудандық жұмыспен қамту орталығына құжат өткізіп, комиссия шешімімен грант жеңіп алды. Мемлекеттің қолдауы арқасында тігін шеберханасын ашып, жұмысын жүргізуге кірісті. Осылайша, қайтарымсыз қаражатына тігін машиналарын, оларға қажетті қосалқы бөлшектерін алып, жеке кәсібін бастап кетті.
Ашылғанына көп уақыт болмаса да ауыл тұрғындары мұндағы тігіншілердің жұмысына дән риза. Бұл тігін орталығында сегіз адам жұмыс жасайды. Олардың арасында денсаулығы бойынша еңбекке жарамсыз, мемлекеттен қайтарымсыз грант алған, зейнет жасына жақындаған жандар да бар. Тігіннің тілін түсінетіндер бұл уақытқа дейін де үй жағдайында тігіншілікпен айналысып, көптің көңілінен шығып жүрген жандар. Тірлігі тиянақты тігіншілердің ұқыптылығы ғимаратқа кіреберістен-ақ байқалады. Әдемі жиналған бұйымдар, қаз-қатар тізілген көрпешелер сүйсіндірмей қоймайды. Біз барған сәтте тігіншінің бірі төсек-жабдық, көрпе тысын тігіп отырса, енді бірі әдемі матадан көйлекке тапсырыс алыпты. Одан бөлек, заманауи үлгідегі төсек-жабдық, қыз жасауына қажетті бұйымдар, балабақша бүлдіршіндерінің киімдеріне де тапсырыс алады.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,-демекші, жұмыс жоқ деуге болмайды, қазіргі таңда еңбек етемін деген жанға екі қолға бір күрек табылады. Әуелі қолымда бар тігін машинамен көрші-көлем, таныстардан тапсырыс алып, үйден тігін тігуді бастаған болатынмын. Жұмыссыз ретінде мемлекеттің конкурсына қатысып, қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Сол қаражатқа жұмысыма қажетті құрал-жабдықтар алып, кәсібімді жетілдіруге мүмкіндік туды. Бүгінгі күні ауылдағы тігінмен айналысатын апа-сіңлілеріммен бірге орталықтағы шағын тігін цехында жұмысымды жандандырудамын. Біздің басты мақсат – тапсырыс берушінің көңілінен шығып, олардың ризашылығын алу. Сондай-ақ алдағы уақытта шеберханамды үлкейтіп, әр тігіншіге жеке-жеке кабинетте отырып, тапсырыс қабылдауға мүмкіндік жасағым келеді», – дейді шебер келіншек.
Иә, тұрақты жұмыспен қамтылған тігіншілер мұндай мүмкіндіктің туғанына қуанышты. Тұрғынның кез-келген тапсырысын орындауға, олардың риза болған көңілді жүзін көруге асық екенін жеткізді. Жылы жүздері мен ақжарма әңгімелерінен олардың жұмысына деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігі анық байқалады. Жұмысыңды шынайы беріліп сүйсең ғана берекелі табыс болатыны белгілі. Қолыңнан келетін іс кәдеңе жараса тіпті керемет емес пе!?
М. ЖЕБЕҚЫЗЫ