© Талант ҚҰСАЙЫН
2023 жылы өңірде болған оң өзгерістер жетерлік. Маңғыстау жұртына қуаныш сыйлаған оқиғалар арасында республикалық маңызға ие жаңалықтар да бар. Ендеше mangystaumedia.kz сайтының редакциясы биылғы ТОП-5 жаңалық тізімін жасады.
1. Адай жылқысы асыл тұқымды мәртебесіне ие болды
2023 жылдың 29 желтоқсанында Адай жылқысына ресми мәртебе беріліп, арнайы патент алды. Енді ол бренд ретінде жеке өзінің «Адай» деген құжатымен дүниежүзіне шығады. Бүгінде ел аумағында Адай тұқымына жататын 116 мың бас жылқы бар.
Адай тұқымды қазақ жылқысын асыл тұқым ретінде тану мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, аймақтың барлық аудандарын аралады. Нәтижесінде 1400-ден астам адай жылқысына қатысты дерек жиналды. Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізген. Содан кейін мемлекеттік комиссия осы тұқымның мәртебесі туралы патентті бекіту және алу үшін ауыл шаруашылығы министрлігіне және ҚР Әділет министрлігіне жіберілетін акт жасады.
2. Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы атанды
Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымына мүше мемлекеттердің 40-отырысында Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы болатыны туралы шешім қабылданды. Әзербайжанның Шуша қаласында өткен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттер отырысында мәдениет министрлерінің шешімімен 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде ақмаржан қала Ақтау таңдалды. Бұл сында Қазақстаннан бөлек Қырғызстан мен Өзбекстан елдері де таласқан. Осыған дейін түркі әлемінің мәдени астанасы Астана мен Түркістан қалалары болған еді.
3. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтті
2023 жылдың 19 наурызында елде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Облыста 8 аумақтық, 118 округтік және 247 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеді.
4. Маңғыстауда алғашқы рет аудан және ауыл әкімдерінің сайлауы өтті
Биыл ел тарихында алғаш рет аудан және облыстық деңгейдегі қалалардың пилоттық режимде әкімдерін халық өзі сайлады. Бұған дейін аудан әкімдерін облыс әкімі тағайындайтын, кейінгі кезде мәслихат депутаттары сайлап жүрді. 2023 жылдың 5 қараша күні республика бойынша 45 аудан мен қалада әкімдер сайланды. Маңғыстауда биыл Бейнеу ауданының және Сайын Шапағатов, Баянды, Құланды, сондай-ақ Өмірзақ ауылдарына әкім сайланды.
Баянды ауылының әкімі лауазымына Бектұрлы Ибраев сайланды. Құланды ауылының халқы әкім ретінде Оразғали Бекенбаевты таңдады. Ал Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі ретінде Жәнібек Асанов сайланды. Өмірзақ ауылының әкімі сайлауында ең көп дауыс жинап, әкім атанған – Бисенғали Кенжалиев болды
5. Маңғыстауға Германия Президенті келді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2023 жылдың 19-21 маусым күндері Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Кездесуге ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов та қатысты.
Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Президенті Ақтаудағы Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының ашылу салтанатына қатысты. Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті және Қазақстан-Неміс университетінің бірлескен бастамасымен Ақтау қаласында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылды. Салтанатты рәсімде жаңа институт ғимараты бой көтеретін орынға ескерткіш капсуланы Франк-Вальтер Штайнмайер мен Әлихан Смайылов салды.
Роза Әділханқызы