Тәуелсіздік жылдарынан бастап, әсіресе соңғы жылдары көптеген азаматтар, оның ішінде жастар өздерінің ата-бабалары туралы деректер іздеп, өткен тамырларына үңілуде. Мені де туған атам Қайырғали Кенжалиев қайда туған, қайда өскен, оқыған, еңбек еткен ортасы қандай деген ойлар көптен мазалайтыны рас.
Алайда осы бағытта ізденіп, атам туралы деректер іздей бастағаныма көп болған жоқ. Қазір атамның көзін көрген, оқу-ағарту саласында бірге жұмыс жасаған адамдардың көзі тірісі қалмады. Естіп-білгендердің айтуы бойынша атамыз мінезі қатал, көп сөйлемейтін, сұсты адам болған. Мектепте сабақ берген уақытында шыбынның ызыңынан басқа дауыс естілмеуші еді дейді білетіндер. Сонымен қатар, атамыз жеке өмірі туралы айтуды да аса жақтыра қоймаған. Уақытында Сисен Боқыбаев атамызды жезде қылып ойнап, құпиялылығын меңзеп: «Сіз осы НКВД қызметкері емессіз ба?» - деп қатты ренжітіп алған, тіптен 1 айға дейін сәлемін алмаған. Осыдан кейін жеке өмірі туралы ешкім сұрамаған да, ойнамаған да. Содан да ол кісінің арғы ата-тегі туралы ақпаратты ешкім білмеген.
Білетініміз - атамыздың Маңғыстау өңірінде ұзақ жылдар бойы халық ағарту желісінде еңбек етіп, осында отбасын құрғаны. Жыңғылды ауылында дүние салып, ауыл шетіндегі Сарытөбе қорымында жерленгені.
Атамыз туралы нақты құжаттық ақпараттармен алғаш танысуға Қазақстан Республикасы архив ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер Қойлыбай Қаражанұлы себеп болды. Сонымен қатар Қойлыбай ағамыз менің атамды көрген,таныстығы бар болып шықты. Қойлыбай ағамыз дереу облыстық архивке телефон шалып, архив саласының маманы Айжан Абдуллинадан 368-ші қорды қарап, атамның меншікті ісін іздестіруді сұрады. Сонымен қатар атам туралы ақпаратты іздеу жұмыстарына Маңғыстау аудандық архивінің меңгерушісі Зухра Ақбердиева, Атырау облыстық архиві басшысының орынбасары Баянсұлу Амиржанова мен Исатай аудандық архивінің басшысы Махизада Жақсымбетова да белсене атсалысты. Архив мамандарының тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде бірнеше архивтік құжаттар табылып, атам туралы деректер шыға бастады. Аталған архивтік құжаттарға сай:
- Атам Қайырғали Кенжалиев 1915 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау) Новобогат ауданының (қазіргі Исатай) Кетешағыл ауылында дүниеге келген. 1926-1932 жылдары Новобогат ауданының орталығындағы шаруа жастар мектебінің VII класын бітірген.
- 1932-1938 жылдары Гурьев қаласындағы оқытушылар даярлайтын техникумда оқып, алғашқы еңбек жолын 1935 жылы Шетпе бастауыш мектебінің меңгерушісі және оқытушысы болып бастаған.
- 1937-1938 жылдары Онды бастауыш мектебінің меңгерушісі және мұғалімі, 1938-1940 жылдары Ұсақ бастауыш мектебінің меңгерушісі және мұғалімі болған.
- 1940-1941 жылдары Шетпе бастауыш мектебінің меңгерушісі болған. Тау бойындағы Аусары, Шетпе т.б. мектептерде 4, 7 сыныптар үшін мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшесі, төрағасы болған.
- 1941-1942 жылдары Ұштаған бастауыш мектебінің география және биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған.
- 1942-1946 жылдары Совет Армиясының қатарында Отанын қорғап келген тәжірибелі ұстаз Қайырғали Кенжалиев Маңғыстау аудандық оқу бөліміне шақыртылып, мектептер инспекторы етіп тағайындалды. Бұл жұмысты 1949 жылдың 14 сәуіріне дейін атқарып, жүйелі жұмысы үшін Шахта орта мектебінің жанындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінің директоры болып тағайындалды.
- 1949-1950 жылдары Шахта орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі болып, 1951 жылы Куйбышев жеті жылдық мектебіне жұмысқа жіберіліп, енді осы мектепке тұрақты жұмыс жасауды өтінді. Атамыздың өтініші қабылданып, өзінің өмірінің соңына дейін Қуйбышев мектебінде жұмыс жасайды.
Атаның өмір дерегінің жалғасы: 1954 жылдың қыркүйек айында партия қатарына кірген. Жұмыс бабында аудандық оқу бөлімі тарапынан ескерту-сөгіс алмаған, тергеу орындарына шақырылмаған, сотталмаған. 1946 жылдың 5 мамырында «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1956 жылдың 9 тамызында «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» медалімен марапатталған.
Атамыздың өмірдеректеріндегі Маңғыстау ауданының халық ағарту жүйесіндегі ұзақ жылдарғы мінсіз еңбектерін сүйсіне еске аламыз. Ауданның ауылдық елді-мекендермен қатынас жасау қиыншылықтарына қарамастан жаяу немесе ат пен түйе сияқты көліктермен жүрген тауқыметке толы еңбек жолдары біздердің қиындықты жеңуімізге сөзсіз бағыт береді.
Қазіргі таңда атамыздың ұл-қыздарынан тараған ұрпағы Маңғыстау өңірінде өмір сүреді. Ендігі кезекте атам Қайырғалидан бөлек, тумалас ағасы Сисенғали мен әкесі Кенжалы туралы ақпарат іздеймін. Маңғыстау, Атырау өңірінен қандай да бір ақпарат білген адамдар болса байланысқа шығуын өтінемін
Байланыс телефоны 87757766600
Бисенғали Кенжалиев