
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Маңғыстау облысы бойынша ЕАЭО сыртқы шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы 2 өткізу пунктінде автоматтандырылған электронды кезек жүйесі пилоттық түрде іске қосылғаны туралы хабарлайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ол пункттер: «Темір-Баба» (қазақстан-түркіменстан шекарасынан автомобиль өткелі) және «Тәжен» (қазақ-өзбек шекарасындағы автомобиль өткелі) кеден бекеттері.
Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты – көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу пунктіне өткізу тәртібін қалыптастыру процессінің ашықтығын және цифрландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің транзиттік, көліктік және экспорттық әлеуетін арттыру.
Жүйені Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ақпараттық-есептік орталығы АҚ мамандары әзірлеген. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық. Көрсетілген порталда немесе мобильді қосымша арқылы тіркелгеннен кейін жүргізуші жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл жағдайда жүргізушіге кезегі туралы SMS хабарлама келіп түседі.
Электрондық кезекті енгізудің уақытша схемасы мен мерзімдерімен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (kgd.gov.kz) және CargoRuqsat.kz (веб-сайты (CGR.qoldau.kz) ресми интернет-ресурстарынан таныса алуға болады.
Осыған байланысты, көрсетілген автокөлік өткізу пункттері арқылы Қазақстан аумағынан шығуды жоспарлап отырған тасымалдаушылар «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электронды кезекте орын брондауы қажет.
Ол үшін https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі бойынша өтіп, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркеліп, жүйеге кіріп, қажетті өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетіп, жүргізуші мен көлік туралы деректерді толтыру қажет.
Өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақытылы келу керек.
Күтпеген жағдайларды болдырмау үшін біз тасымалдаушыларды электронды кезекті алдын ала брондауға шақырамыз.
Барлық сұрақтар бойынша МКК байланыс орталығына 1414, 8-800-080-7777 телефондары бойынша хабарласуға болады.
Автомобиль көлігі құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы, сондай-ақ оларды электрондық кезек бойынша өткізу үшін төлемақы мөлшері
(Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2023 жылғы 25 мамырдағы No 538 бұйрығымен бекітілген)
1. Жүк, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдерді, ершікті тартқыштарды электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесінде броньдау күні мен уақытына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін - 1 АЕК (1 (бір) көлік құралы үшін төлемақы мөлшері);
2. Жүк, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдерді, ершікті тартқыштарды кезектен тыс (жеделдетілген) тәртіппен көрсетілген уақыт кезеңінде шекара арқылы өту күнін ауыстыру мүмкіндігімен төлем жасалған күннен бастап – күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін - 100 АЕК (1 (бір) көлік құралы үшін төлемақы мөлшері);
3. Жүк, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдерді, ершікті тартқыштарды кезектен тыс (жеделдетілген) тәртіппен көрсетілген уақыт кезеңінде шекара арқылы өту күнін ауыстыру мүмкіндігімен төлем жасалған күннен бастап – күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін - 50 АЕК (1 (бір) көлік құралы үшін төлемақы мөлшері)7
Ескерту: АЕК – "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті жылға белгіленетін айлық есептік көрсеткіш.