Үрмелі матраспен Каспий теңізінің ортасына шығып кеткен үш қыздың ағасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Маңғыстау облысында биыл 24 шілдеде болған резонансты жағдай туралы еске салғым келеді. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан, жел соғатыны және шомылуға тыйым салу туралы СМС-хабарлама жіберілсе де, үш қыз үрлемелі матраспен жағадан 22 шақырым ашық теңізге шығып кеткен. Жергілікті органдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде қыздар құтқарылды», - деді Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Ұларбек Абыкеев ОКҚ-да өткен брифингіде.
Сондай-ақ, болған жайтқа қатысты заң аясында шара қабылданғаны айтылды.
«Қыздардың ағасы әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабына сәйкес балаларды қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ТЖМ Азаматтық қорғаныс комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.
Еске салсақ, 24 шілдеде Каспий теңізінде үрмелі матрасқа мінген үш қыз іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік. Құтқару жұмыстарына тікұшақ тартылды.
Толқын алып кеткен үш қыз бір түннен кейін табылды.