Халықаралық бастамашылықты қолдауда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, ағымдағы жылғы 29-30 шілдеде «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық науқан жүргізді. Маңғыстау облысы да бұл науқанды өткізуден қалыс қалмады. Жергілікті жерде “Мейірім” қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе облысы “Дәріс” қоғамдық ұйымы және Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірлесе қала тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Профилактикалық акция шеңберінде тақырыптық бейнероликтерді трансляциялау, адам саудасының проблемасы туралы ақпарат және «116 16» сенім телефонының нөмірі бар тарату материалдары таратылды.
Айта кетейік, 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Бұл 2013 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясымен белгіленді. Оның негізгі міндеті – адам саудасы құрбандарының жағдайы, олардың құқықтарын көтермелеу және қорғау туралы ақпаратты жеткізу.